Accessibility links

Нұрлан Қаппаровтың самғауы мен құлдилауы


Нұрлан Қаппаров, «Ланкастер Груп» компаниясының басшысы (сурет компанияның сайтынан).
Нұрлан Қаппаров, «Ланкастер Груп» компаниясының басшысы (сурет компанияның сайтынан).

Бір кездері билікке жақпай қалған «Қазақойл» компаниясының топ-менеджері, «жас түркілер» толқынынан шыққан технократтардың бірі Нұрлан Қаппаровты жақында Ақордада президент Н.Назарбаев қабылдады. Президент «Ланкастер Груп» компаниясының басшысы Н.Қаппаровқа жасап жатқан жобасы бойынша 1 миллиард доллар шамасында қаржылай көмектесуге уәде берді.

ҚАРЖЫ МЕН САЯСАТТЫҢ ЗЕҢГІР КӨГІНДЕ БІР ЖҰЛДЫЗДАР ЖАРҚЫРАП ЖАНЫП, БІРІ ӨШІП ЖАТАДЫ

Нұрлан Қаппаров Мұхтар Әблязовтың серіктестерінің бірі болып есептеледі. Әблязовты биылғы жылғы қаңтардың 20-сында ел президенті қабылдап, ақпанның 2-сі күні үкімет оны БТА банк директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен шеттетті.

Бүгінде БТА банктың бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның командасының көптеген мүшелері қаржылық қылмысқа қатысты айыпталуда. Мұхтар Әблязов пен банкте оның айналасында жақын жүргендер бүгінде бас сауғалап қашып кеткен, оларды Интерпол іздестіріп жатыр.

1990 жылдардың соңына қарай тәуелсіз Қазақстанның қаржылық және саяси аспанында Мұхтар Әблязовпен бірге талайлардың жұлдызы жанды. Олардың көпшілігінің жұлдызды карьералары әлдеқашан тоқтағанымен, аты-жөндері әлі күнге дейін естіліп қалады. Кезінде баспасөзде оларды «жас түркілер», технократтар деп атады. Бүгінгі күнге дейін жас басқарушылардың аталған толқынынан өз қызметтерінде тек Сауат Мыңбаев пен Мұхтар Жәкішев қана тапжылмай, нық отыр.

Сәуірдің 1-і, сәрсенбі күні Мұхтар Жәкішевтің де басына бұлт үйіріле бастады. Экс-депутат Татьяна Квятковская «Қазатомпром» компаниясының президенті Мұхтар Жәкішевке қатысты мәлімдеме жасады. Квятковскаяның айтуынша, оның қызметінің салдарынан «елдің уран өндірісі мемлекет қарауынан шығып кеткен». Баспасөз-мәслихатында ол аталған мәлімдеме бас прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына және парламент депутаттарына ресми үндеу екендігін айтты.

Негізі, Татьяна Квятковскаямен ойнауға болмайды. Ол тәуелсіз Қазақстанның тарихына елдің алғашқы парламентін тарқатқан әйел-саясаткер ретінде қалды. Татьяна Квятковскаяның Конституциялық сотқа берген талап арызы бойынша 1995 жылдың наурызында парламент тарқатылды.

ЖАППАЙ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРАМАСТАН АСТАНАДА ПОЛИКРЕМНИЙ ЗАУЫТЫ ПАЙДА БОЛА МА?

Ақпарат агенттіктері хабарлағандай, Нұрлан Қаппаров президентке компания жүзеге асырып жатқан серпінді жобалар жайында, оның ішінде Астанадағы поликремний зауыты, Қазақстандағы алғашқы қалайы өндірісі қолға алынып жатқан «Сырымбет» кен орны, «Ерсай» жобасы туралы айтып берді.

Жеке қаржылар мен Қазақстан Даму банкінің инвестицияларын қоса алғанда жобалардың жалпы құны 1 миллиард доллар. Президент баспасөз-қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Даму банкіне Астанадағы поликремний зауытының құрылысы жобасын қаржыландыруды жеделдетуге тапсырма берді.

Нұрлан Қаппаров – республикалық физико-математикалық мектептің түлегі. Мектептің сайтына қарағанда, Нұрлан Қаппаровтан басқа мектеп мақтаныштары қатарында экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановты, «Самұрық-Қазына» қорының бірінші басшылары Қайрат Келімбетов пен Тимур Құлыбаевты, премьер-министр Кәрім Мәсімовты атауға болады.

ФИЗМАТ ТҮЛЕКТЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ДЕМЕУШІЛІК

Мектеп қабырғасында басталған достық осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқандай. Ірі бизнесмендерге айналған физика-математика мектебінің түлектері бизнестерін бірге жасап, үкіметте жоғары қызметке отырғанда жолдастарын ұмытпайды.

Нұрлан Қаппаров «Акцепт» корпорациясының негізін 1990 жылы қалап, 1997 жылға дейін корпорация президентінің орынтағында отырды. Дәл осы жылы Қаппаров Тимур Құлыбаев құрған «ҚазТрансОйл» компаниясының президенті болады. Оның үстіне бұл Қаппаровтың Алматы технологиялық институтын бітіріп, жоғары білім алған соң атқарған бірінші қызметі еді.

Одан ары Нұрлан Қаппаровтың қызметі өрлей берді. Бір жылдан соң ол «Қазақойл» (қазіргі «ҚазМұнайГаз») компаниясының президенті болады. Тағы бір жылдан соң энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасарлығына тағайындалды. Нұрлан Қаппаров сол кездері тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жас министрдің орынбасары болды. 1998 жылы ол бар болғаны 28 жаста болатын.

Бұл жоғары қызметте де ол бір жылдан артық отырған жоқ. Үкіметтің 2001 жылғы 5-ші қыркүйектегі қаулысына сәйкес, Нұрлан Қаппаров энергетика және минералды ресурстар вице-министрі қызметінен босатылды.

Вице-министр кезінде Нұрлан Қаппаров өзінің «Ерсай» компаниясының мүддесі үшін «Аджип» компаниясының операторларына лоббистік қызмет көрсетсе керек. Ол бейресми мұнай өнеркәсібі министрі Тимур Құлыбаевтың қолдауына ие болғанымен, оның әрекеттері құйқалы жерлерден айрылып қалған «көкелердің» арқасында «жоғарыға» белгілі болып қалған соң, Нұрлан Қаппаров бұл пайдалы қызметтен үн-түнсіз ығыстырылып тасталды.

Бірақ ол мұнайдың айналасынан кеткен жоқ. 2000-2001 жылдары Солтүстік-Каспий жобасында (Қашаған кен орны) комитет төрағасы болып істейді. Сонымен бірге, Қазақстан мен Ресей арасында Каспий теңізінің табанын делимитациялауға байланысты келіссөздер жүргізетін жұмысшы тобына жетекшілік жасайды.

Абыр-дабыр басылғанша Нұрлан Қаппаров «көкелердің» де, халықтың да көзіне күйік болмастан тыныш қана мұхит асып кетті. Бұқаралық ақпарат құралдарына ол АҚШ-қа оқуға бара жатқанын айтады. Ол Гарвард университетінің Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебіне түседі. 2003 жылы Америкадан келген соң Нұрлан Қаппаров «Ланкастер Груп» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болды. Бұдан бөлек ол 2003-2005 жылдары «ПетроҚазақстан» компаниясының тәуелсіз директоры болады.

ҚАППАРОВТЫ ӘБЛЯЗОВ ПЕН ҚҰЛЫБАЕВ ҚОЛДАҒАН

Нұрлан Қаппаровтың мансабының өсуі Мұхтар Әблязовтың бизнестен үкіметке келуімен тікелей байланысты. Оның жоғарыға тез өрлеуіне Тимур Құлыбаев та көмектесті. Оның үстіне, оның жылдам өсуіне елдегі жағдай мен кадрлық өзгерістер жасағысы келген президенттің ойы да ықпал етті.

Әкежан Қажыгелдиннің кезінде жаңа шыққан қазақстандық бизнесмендерге үкіметтің жаңа қолға алған жұмыстарына қатысу мүмкіндігі туды. Атап айтқанда, жекешелендіруге жатпайтын табиғи монополиялардың базасында ұлттық компаниялар құру жоспары тұрды («Қазақойл», «Эйр Қазақстан», «КЕГОК», «Азық-түлік корпорациясы», «Қазатомпром», т.б.). Бұлар қарыздарынан құтылып, сауатты басқарушыларға, саудагерлерге, қаржыгерлерге мұқтаж болатын.

Міне осы кезде мықты топ-менеджерлердің қатарында Мұхтар Әблязовтың, Рүстем Бектұровтың, Еркін Қалиевтің, Ержан Тәтішевтің, Абылай Мырзахметовтың, Нұрлан Қаппаровтың және басқа да көптеген адамдардың аттары аталып қалды. Бұлардың көпшілігі Нұржан Сұбханбердинмен байланысты еді.

«Астана-Холдинг» корпорациясының 35 жасар қожасы Нұрлан Әблязов энергетика, индустрия және сауда министрі болып тағайындалғанда, «Акцепт» компаниялар тобының негізін қалаушы 28 жасар Нұрлан Қаппаров «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясын басқарды.

Бірақ, сол кездері республикадағы жағдай өзгере бастады. Нұрлан Балғымбаевтың үкіметі қиын экономикалық проблемаларға тап болып, министрлер бұл проблеманы шеше алмады. Дәл осы кезде үкіметке технократтар келді. Әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты үкіметтің экономикалық блогы толықтай ауыстырылды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет командасын едәуір жаңарту туралы шешім қабылдады. 1998 жылдың ақпанында Ораз Жандосов вице-премьерлікке, Сауат Мыңбаев қаржы министрі, Қадыржан Дамитов ұлттық банк төрағасы болып тағайындалды. Сәл кейінірек үкіметте ұлттық компаниялардың менеджментін тағайындау туралы шешім қабылданды.

Мұхтар Әблязов энергетика, индустрия және сауда министрі болып тағайындалғанда ол өзінің бұрынғы орыны, «КЕГОК» компаниясының президенттігіне орынбасары Әсет Наурызбаевты тағайындады. Ал, «ҚазТрансОйл» компаниясына, Нұрлан Қаппаровтың орнына Ерлан Упушевті отырғызды.

Ораз Жандосовтың ұсынуымен мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің директорлығына Оразалы Ержанов отырды. Аренаға Мұхтар Жәкішев шығып, ол «Қазатомпром» компаниясының басшысы болып тағайындалды.

ТЕХНОКРАТТАРДЫҢ КЕЗІНДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ӨРШІП КЕТТІ

Басқарушылардың жаңа толқыны жаңа дәуірді ашты. Олардың билікке келуімен аса ірі қаржылық-өнеркәсіптік топтардың біреуі мемлекеттің экономикалық саясатына шектеусіз ықпал ету мүмкіндігіне ие болды.

Атқарушы билікті технократтау мен жасартудың салдарынан жемқорлықтың күрт көтерілуі байқалды. Оның ішіндегі ең атышулысы Мұхтар Әблязовтың ісі болды. «Қазақстан темір жолын» басқарған Абылай Мырзахметов те істі болды. Әсет Наурызбаев ұзақ уақыт қашып жүрді. Ресми түрде оны Интерпол іздеп жататын, ал бейресми түрде оның өзін сұлу модель-әйелімен бірге жас түркілердің кештерінде кездестіруге болатын.

Оразалы Ержанов та «Наурыз банкті» тастап елден қашты. Оған қатысты мына оқиға да журналистердің есінде. Ержанов басқа бір банктың төрағасы болып тұрғанда, дәл президент сайлауы күні, өзі сияқты басқа да топ-менеджерлермен бірге тікұшақпен аң аулап жүріп апатқа ұшыраған еді. Осы апат бұл оқиғаның баспасөзге шығуына себепкер болды. Тікұшақ қирап қалды. Ержанов әупірімдеп аман қалып, Израиль елінің клиникасында ұзақ емделді.

Ержан Тәтішевтің жолы болмады. Ол аң аулап жүріп опат болды. Кейінірек оқыста қаза болған деп хабарланды. Неге екені белгісіз, оқ оның басынан тиген. Ерболат Досаев денсаулық сақтау министрлігіндегі сәтсіз басқаруынан соң жоқ болып кетті. Ол «жас технократтардың» мемлекеттік саланы басқара алмайтынын тағы бір рет дәлелдеді.

«Ланкастер Груп» компаниясының сайтындағы ақпараттарға қарағанда, Ерболат Досаев қазір осы компанияда жұмыс істейтін көрінеді. Ол «Ланкастер Груп» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі бір мезгілде ҚазИнвестБанк директорлар кеңесінің төрағасы.

1999 жылы Нұрлан Қаппаровтың «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясының басшылығынан кетуі де күтпеген оқиға болды және біраз сауалдар туғызды.

Саяси және экономикалық аренадан Ораз Жандосов пен Қадыржан Дамитовтар кетті. Өздерінің кәсіби шеберліктерінің арқасында осы уақытқа дейін Сауат Мыңбаев пен Мұхтар Жәкішев жақсы позицияда отырған. Алайда, Татьяна Квятковскаяның мәлімдемесінен соң Мұхтар Жәкішевтің төбесіне бұлт үйірілуі мүмкін.

НАЗАРБАЕВ ҚАЙТАДАН ЖАС ТҮРКІЛЕРДІ ҚОЛДАП ОТЫР МА?

Сондықтан да, мемлекет басшысының соңғы болып жатқан оқиғалар тізбегінде Әблязов толқыны өкілдерінің бірі Нұрлан Қаппаровты қабылдауы таңданыс тудырды. Тіпті, оның жобаларына көмектесуге уәде берді. Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қорына кіретін банкке Астанадағы поликремний зауыты құрылысының жобасын қаржыландыруды жеделдетуге тапсырма берді.

Айналада жаһандық экономикалық дағдарыс ысқырып тұрғанда бұл зауытты салу қаншалықты қажет екендігін тек пайымдауға болады. «Ланкастер Груп» компаниясындағылар бұл жобаны серпінді деп есептейді және Астананың индустриалды-инновациялық дамуына кәдімгідей ықпал ететіндігіне сенеді.

Поликристалдық кремнийді «Сименстің» технологиясы бойынша өндіру жоспарлануда. Оның ерекшелігі, ақырғы өнім толық тұйықталған технологиялық циклдың нәтижесінде алынады. Кремнийді мұндай технологиямен алудың ең басты принципті өзгешелігі – өндірістің екінші өнімдерін рециркуляциялау және толықтай регенерациялау. Ал, жартылай өткізгіш сапасындағы поликристалдық кремний алу үшін шикізат ретінде тазартылған кремний қолданылады. Ол металлургия өндірісінде қайта өңделіп, тазаланады.

«Ланкастер Груп» – өз акционерлеріне, қызметкерлеріне және қоғамға экономикалық және әлеуметтік құндылықтар туғызу мақсатында дамушы және дамыған елдердің активтеріне инвестиция жасайтын жекеменшік компания. Нұрлан Қаппаровтың компаниясы оның сайтында дәл осылай таныстырылған.
XS
SM
MD
LG