Accessibility links

Нүкістегі абақтыда отырған Қазақстанның 27 азаматы Отанынан көмек сұрайды


Ақтөбе облысындағы Бозой ауылы. Сурет Google сайтынан алынды.
Ақтөбе облысындағы Бозой ауылы. Сурет Google сайтынан алынды.

Қазақстандық адам құқығын қорғаушылардың айтуынша, Ақтөбе облысына қарасты Бозой ауылында шаруашылық қажетіне байланысты жұмыстармен айналысып жүріп Қарақалпақстан аумағына еніп кеткен Қазақстанның 27 азаматын сол елдің заң орындары ұстаған. Қазір олар Нүкіс қаласындағы тергеу абақтысында жатыр.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның Астанадағы бөлімінің өкілі Анар Ибраеваның сәуірдің 17-і күні Азаттық радиосына хабарлауынша, оларға Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласындағы СИ-9 тергеу абақтысында жатқан 27 қазақстандықтың атынан жазылған ұжымдық өтініш келіп түскен.

Өтініш иелері Ақтөбе облысына қарасты Бозой ауылының маңында көлік жұмыстарын атқарып жүріп, қардың қалыңдығына байланысты, қазақ-өзбек шекарасының жолағын байқамай Қарақалпақстанның аумағына өтіп кеткендігін және сол жерде көршілес елдің құқық органдарының қолына түскендігін жазған.

Олардың дәл қай күні ұсталғаны белгісіз. Қазірде Нүкіс қаласының тергеу абақтысында қамауда отырған арыз иелері өздерінің құқықтары бұзылғандығын баяндаған.

«Абақтыдағыларға адвокат жіберілмейді. Қарақалпақ қауіпсіздік қызметі және прокуратура органдарының қызметкерлері, бір бірлеріне сілтеп, ұсталғандарды туған-туыстарымен кездестірмейді, олардың хал-жағдайына қатысты ақпарат бермейді», – делінген Нүкістен жеткен арызда.

Көрші елде қамауда отырғандар өз Отанынан жәрдем болады деп үміттенеді. Әзірге оларға Қазақстанның ресми органдары тарапынан қандай да бір көмек шарасы жасалғаны туралы ақпарат жоқ.

Анар Ибраеваның айтуынша, заң бойынша өзге елдің аумағында қамауға алынған азаматтарға Отанынан құқықтық көмек көрсетілуі тиіс.

«Қазақстан азаматтары, елден тыс аумақта жүрген күннің өзінде, мемлекеттің қорғауында болады. Сондықтан, Нүкіс қаласында тергеу абақтысында жатқан азаматтардың мемлекеттің көмегін алуға құқығы бар», – дейді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, адам құқықтары жөніндегі бюро, қамауға алынғандардың ұжымдық өтініші негізінде, олардың тағдыры жайында Қазақстанның бас прокуратурасы және сыртқы істер министрлігіне хат жолдапты.

«Әзірге ешқандай жауап жоқ. Әдетте, олар бір айдан ерте жауап бермейді», – деді Анар Ибраева Азаттық радиосына.

Бозой ауылы Арал теңізінің солтүстік-батысында, қазақ-өзбек шекарасынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан.
XS
SM
MD
LG