Accessibility links

Нүкістегілердің дерегі екі айдан кейін БАҚ арқылы белгілі болып, 27 азаматын босату шараларына Қазақстан енді кірісті


Қазақ-өзбек шекарасында ұсталған 27 қазақстандық Нүкіс қаласындағы абақтыда ақпан айынан бері жатыр. Бұл ақпарат Қазақстан билігіне баспасөз арқылы екі ай өткенде ғана мәлім болған. Бозойлықтардың адам құқтары жөніндегі бюроға хат жазғаны турасында Азаттық сайтында хабарланған еді.

Бұған дейін Азаттық радиосы, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның Астана бөлімінің өкілі Анар Ибраеваның мәліметі негізінде, 27 қазақстандық Қарақалпақстан орталығы Нүкіс қаласының СИ-9 тергеу абақтысында жатқандығын хабарлаған болатын.

Аталған қоғамдық бірлестікке жазған ұжымдық өтінішінде ұсталғандар Ақтөбе облысына қарасты Бозой ауылының маңында көлік жұмыстарын атқарып жүріп, қардың қалыңдығына байланысты қазақ-өзбек шекарасының жолағын байқамай, Қарақалпақстан автономиясының аумағына өтіп кеткендіктеерін және сол жерде көршілес елдің құқық қорғау органдарының қолына түскендіктерін жазған болатын.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың сәуірдің 20-ы күні Азаттық радиосына хабарлауынша, мәселенің мән -жайын анықтау жұмыстары Ташкенттегі қазақ елшілігінің консулына тапсырылған.

- Консул Өзбекстан билігінен рұқсат алып, оқиға орнына аттанды, - деді министрліктің баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, 27 азаматтың Нүкіс қаласындағы тергеу абақтысында жатқаны туралы министрлік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан естіген.

- Біз бұл туралы интернеттегі материалдардан және олардың адвокаттарынан естідік. Абақтыдағылардың өздерінің айтуларына қарағанда, олар биылғы жылғы ақпанның 28-і күні ұсталыпты. Біздің консулға олар ахуалдары жаман емес екендігін, қалың боранның кесірінен өзбек аумағына өтіп кеткендерін айтқан. Қазір біз оларды босатудың заңдық жолдарын қарастырып жатырмыз. Қазақстан мен Өзбекстан арасында, ТМД ұйымына мүше елдерге қатысты Кишинев келісімі бар, - деді Ілияс Омаров.

Орталық Азиядағы адам құқығын қорғау қауымдастығының президенті Надежда Атаеваның пікірінше, Нүкістегі 27 азамат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзіндік «сауданың» бір бөлігіне айналып кетуі мүмкін.

- Бұл өте маңызды процесс болғалы тұр. Өзбекстан бұл азаматтарды Қазақстанға қайтарып бере ме, жоқ па, бізге сол жағы маңызды. Менің пікірімше, олар еліне қайтарылады. Бірақ Өзбекстан осы жағдайды пайдалана отырып, өздеріне қажетті азаматтарды Қазақстаннан қайтарып алуы мүмкін. Әзірге бұл менің болжамым ғана. Бірақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сөз болып отырған жағдайларға байланысты өзара әріптестікке барады деп ойлаймын. Сондықтан халықаралық келісімнің шарттарын олар қалай орындайтынын сырттай бақылап көрейік, - деді Надежда Атаева.

Бозой ауылы Арал теңізінің солтүстік-батысында, қазақ-өзбек шекарасынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан.
XS
SM
MD
LG