Accessibility links

Қадағалау алқасы «Тасжарған» газетінің берген шағымын қарауды кейінге қалдырды


Бүгін Алматы қалалық сотының қадағалау алқасы «Тасжарған» газетінің ҚР парламент мәжілісінің депутаты Ромин Мадиновтің арызына байланысты шығарылған сот шешіміне қатысты берген шағымын қарауды кейінге қалдырды. Сот алқасы газет редакциясы тарапынан ұсынылған кейбір құжаттардың заң талаптарына сәйкес еместігін алға тартты.

Биылғы ақпанның 26-сы күні Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы журналист Алмас Көшербаев пен «Тасжарған» газетінің шағымдарын қарап, Медеу аудандық сотының олардан Ромин Мадиновтің пайдасына өндіріп алуға кесім еткен 3 миллион теңгені 10 есеге ұлғайту туралы шешім шығарған еді.

Парламент мәжілісінің депутаты Ромин Мадинов 2008 жылы 24 сәуірде «Тасжарған» газетінде жарық көрген «Байғұс латифундист» атты мақала өзінің ар-намысына тигенін алға тартып, газеттің меншік иесі мен мақала авторы Алмас Көшербаевтан моральдық өтем ретінде 300 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп, сотқа жүгінген болатын.
XS
SM
MD
LG