Accessibility links

Италия прокуратурасы Валерий Толмачевке айып тақты


Италия соты Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы өкілдігінің кеңесшісі, ұшақты бұрып әкетпек болған деген күдікпен ұсталған азамат Валерий Толмачевті қамауға алуға рұқсат берді. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сейсенбіде Италияның Чивитавека қаласында өткен сотта Валерий Толмачевтан алғашқы жауап алынды. Судья оған үш бап бойынша тағылған айыптармен (олардың арасында ұшақты күштеп алып кетуге әрекет жасағаны үшін тағылған айып та бар) келісті.

Толмачевтің адвокаты айыпталушының денсаулық жағдайына байланысты тәуелсіз сараптама жүргізу керегін айтты. Оны судья қолдады.

Қазақстанның Италиядағы консулының айтуынша, Валерий Толмачев көңілсіз болған, ұшақтағы оқиға кезінде өз іс-әрекетіне есеп бермегенін айтып, тергеушілердің сұрағына толық жауап беруге әзір екенін білдірген.

Ақпарат құралдары сәуірдің 24-і күні Қазақстанның 48 жастағы азаматы Валерий Толмачевтің Париж-Рим бағытында ұшып бара жатқан ұшақтың экипажын бәкімен қорқытып, ұшақты Ливия астанасы Триполиге бұруға әрекет жасап, стюардесса әйелді жеңіл жаралағанын хабарлаған еді. Ұшақ экипажы оны ұстап, қарусыздандырып, Римге қонған соң Италия полициясының қолына тапсырған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG