Accessibility links

Қазақ елшілігі АҚШ полициясы атып өлтірген Қазақстан азаматы үшін «өтемақы төленетіндігіне сенім білдірді»


АҚШ-та полицейдің оғынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Кирилл Денякин. (Сурет kruzhechka.yvision.kz блогынан алынды).
АҚШ-та полицейдің оғынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Кирилл Денякин. (Сурет kruzhechka.yvision.kz блогынан алынды).

Алайда АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі бұл мәселенің «күрделі» екендігін айтады.


Қазақстан елшілігі АҚШ-та өткен аптада атып өлтірілген Қазақстан азаматы Кирилл Денякин үшін америкалық билік орындарынан материалдық өтемақы төлеуді талап етеді. Бұл туралы Азаттық радиосына бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов хабарлады.

– Қазақстан елшісі Ерлан Ыдырысов АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкілдеріне қазақстандық тараптың аталған мәселе бойынша наразылығын жеткізіп, оқиғаның толық және ашық түрде тергелуін талап етті. Сондай-ақ, марқұмның жақындарына тиісті өтем төленетіндігіне сенім білдірді, – деді ресми өкіл Азаттық тілшісіне.

«КҮРДЕЛІ СҰРАҚ»

«Марқұмның туыстарына өтемақы төлену мүмкін бе?» деген сауалды Қазақстандағы АҚШ елшілігіне қойған едік. Елшіліктің радиомызға берген жазбаша жауабында өтемақы мәселесі «күрделі сұрақ» екендігі айтылады.

«Көп нәрсе тергеу барысында анықталады. Бұл, әрине, біраз уақытты қажет етеді. Бұдан бөлек, егер өтемақы төленетін болған күннің өзінде, ол жергілікті билік пен штат басшылығының міндеті» делінген бізге келген хатта.

«Марқұмның отбасына қандай көмек көрсетіледі?» деп те сұраған едік. АҚШ елшілігі қаза болған жігіттің анасына тез арада виза жасап бергенін айтып, «осыны елшіліктің көмегі деп қабылдау керек» деп атап өтті. Бұдан өзге көмекті Вашингтондағы Қазақстан елшілігі жасауы қажет көрінеді.

МАРҚҰМНЫҢ СҮЙЕГІН ӘКЕЛУГЕ ҚАРЖЫ КЕРЕК

Қазақстан азаматы Кирилл Денякинді сәуірдің 23-і күні АҚШ-тың Портсмут қаласында полиция қызметкері атып өлтірген еді. Кейбір деректерге қарағанда, полиция өкілі жас жігітті тонаушы деп ойлап қалып, қателесіп атқан.

Қаза тапқан Кирилл Денякин АҚШ-қа бес жыл бұрын Work&Travel бағдарламасы бойынша кеткен, оқу бітірген соң сол елде қалған соңғы екі жыл бойы Портсмуттағы «Ренессанс» қонақ үйінде аспаз болып жұмыс істеген.

Қаза болған азаматтың анасы Елена Денякина сәуірдің 27-сі күні АҚШ-қа жеткен. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдрахманов елшілік марқұмның денесін Қазақстанға жеткізу мәселесімен айналысып жатқанын айтады.

Кирилл Денякиннің Қарағандыда қалған 20 жастағы інісі Роман Денякин анасын ұшақ билетіне ғана қаржысы бар екендігін айтып отыр.

– Билетке ғана ақша таптық. Арнайы шот аштық. Карточканы анамызға ұстаттық. Бірақ онда қазір тек 5 мың теңге ғана (шамамен 35 АҚШ доллары) бар, – деді Роман Денякин сәуірдің 28-і күні Азаттық радиосына.

АҚШ елшілігі марқұмның анасы Елена Денякинаға 10 күнге виза берген. Осы уақыт ішінде ол барлық құжаттарды рәсімдеп, ұлының денесін Қарағандыға алып келуі керек.

«МЕНТАЛИТЕТ»

Ағасынан айырылған Роман Денякиннің сөзінше, бұл оқиғаға «біздегі менталитет» те себеп болған.

– Ол полицейлер келіп, бұйрық бергенде бір орында тұрмай, бұрылып, оларға қарай беттеген. Біздің менталитет сондай ғой – барып сөйлесіп, мән-жайды түсіндіре бастаймыз. Мұны Америка полецейлері түсінбеген көрінеді. Егер ол бір орында тұрып қалғанда... – дейді Роман.
XS
SM
MD
LG