Accessibility links

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының бұрынғы әкімі екі жылға сотталды


Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Шығыс Қазақстан облыстық соты Ұлан ауданының бұрынғы әкімі Марат Мұзапаров пен әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің бастығы Серік Балтабаевты 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот шешіміне сәйкес, олар жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеуі тиіс.

Облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасының бұрынғы бастығы Қайрат Орынхановты түнгі клубтардың бірінде соққыға жыққаны үшін Марат Мұзапаров пен оның қол астында қызмет еткен Серік Балтабевқа қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. 4 мамыр күні қалалық сот оларды 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдаған еді. Облыстық сот бұрынғы шенеуніктерге кесілген жазаны «тым жеңіл» деп тапқан. Енді Марат Мұзапаров пен Серік Балтабев жазасын жалпы режимдегі түзету мекемесінде 2 жыл өтейтін болады.

4 наурыз күні ШҚО –ның жаңа әкімін таныстыру кезінде ҚР президенті әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин бұрынғы әкім Әділғазы Бергеневтің жұмыстан босатылу себебін түсіндіріп, ШҚО –ның лауазымды тұлғаларының криминалдық құрылымдармен қатыстылығын мәлімдеген.

Оның айтуынша, Ұлан ауданының бұрынғы әкімі Марат Мұзапаровқа қатысты 1997 жылы қылмыстық істер қозғалған, бірақ белгісіз себептермен тоқтатылған.
XS
SM
MD
LG