Accessibility links

Су апатынан зардап шеккендерге тегін үй берілмейді


Алматы қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметі толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Алатау ауданындағы зардап шеккендерге арналып үй құрылысы жұмыстарының басталатынын хабарлады. Бұл туралы жергілікті биліктің өкілдері «Шаңырақ 1» және «Шаңырақ 2» ықшамауданының тұрғындарымен кездескенде мәлімдеді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов зардап шеккендерга арналған үйлердің «Шаңырақ 5» ықшамауданында салынатынын айтып отыр. Алайда бұл үй оларға тегін берілмейді. Болашақ тұрғындарға оларға арналып салынатын баспананы сатып алудың бірнеше жолы ұсынылады.

Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзоровтың айтуынша, қазіргі уақытта зардап шеккен аймақта су деңгейін төмендетуге арналған жұмыстар жалғасып жатыр. Алматы қалалық әкімшілігінің қорынан бөлінген 60 миллион теңге қаражат, 3600 метрге созылатын каналды салуға жұмсалады. Осылайша «Шаңырақ 1» және «Шаңырақ 2» ықшамауданындағы жиналып қалған жаңбырдың суы Үлкен алматы каналына жіберіледі. Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзоров канал құрылысының 28 мамырда аяқталатынына уәде берді. Әзірше апаттан зардап шеккендер күрке астында өмір сүріп жатыр. Әлеуметтік көмек алу үшін олар уақытша тіркеуге алынады.
XS
SM
MD
LG