Accessibility links

«Қазатомпром» компаниясының тұтқындалған қызметкерлерінің туыстары президенттен араша сұрады


"Қазатомпром" компаниясының ұсталған топ-менеджерлерінің жақын-туыстары баспасөз мәслихатында. Алматы, 1 маусым 2009 ж.
"Қазатомпром" компаниясының ұсталған топ-менеджерлерінің жақын-туыстары баспасөз мәслихатында. Алматы, 1 маусым 2009 ж.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының қамауға алынған қызметкерлерінің туыстары ұлттық қауіпсіздік комитетіне топ-менеджерлерді дәлелсіз ұстап отыр деп айыптады. ҰҚК болса Мұхтар Жәкішев мемлекеттің меншігіндегі уран кеніштерін өз иелігіне өткізіп алып, «қара есеп» жүргізген деп мәлімдеді.

«Қазатомпромның» бұрынғы басшысының зайыбы Жәмила Жәкішеваның айтуынша, мамырдың 21-інде Мұхтар Жәкішев ресейлік делегациямен кездесу үшін шақырту алғандығын айтып, Астанаға сапар шеккен. Сол күні оны «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов шақыртып, түс ауғанға дейін ол оның қабылдау бөлмесінде кезек тосып отырған. Түстен кейін ғана қор басшысымен кездескен Жәкішев сол жерде өзінің «Қазатомпром» компаниясы жетекшілігінен босатылғандығын естіген.
Жәмила Жәкішева - Мұхтар Жәкішевтің әйелі. Алматы, 1 маусым, 2009 жыл.


- Одан соң ол заттарын жинастыру үшін компания кеңсесіне оралғанда, сол жерде алдынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері күтіп отырған болып шығады. Содан бері одан хабар-ошар жоқ. Шын мәнінде не болғандығын білмек болып, өткен аптада адвокатыммен бірге Астанаға бардым. Маған істің құпия екендігін ескертіп, күйеуіммен жолықтырмады, өзімізге де ештеме айтпады. Мен осы уақытқа дейін күйеуімнің ұсталғандығын растайтын ешқандай ресми қағаз немесе түсіндірме алған емеспін, - деген Жәмила Жәкішева жұбайының дәл қазір қайда отырғандығын да нақты білмейтіндігін жеткізді.

Сонымен бірге, ол биылғы сәуір айында Мұхтар Жәкішев біраз сырқаттанып қалғандығын, сол себепті де оның денсаулық жағдайына қатты алаңдайтындығын атап көрсетті.

Бұл сөздерді естіген Мұхтар Жәкішевтің анасы Раиса Жәкішева көз жасына ерік берді. Ана баласының абақтыға қамалғандығы туралы хабарды үш күннен кейін ғана біліпті. Газет беттеріндегі президент Назарбаев қысқаша еңбек демалысында, ал елде «37-ші жылғы репрессия қайта басталды» дегендей сөйлем жолдарын оқып, Раиса Жәкішева одан сайын шошып кетіпті.
Мұхтар Жәкішевтің анасы - Раиса Жәкішева. Алматы, 1 маусым, 2009 жыл.


- Шынымды айтсам, мен қазір не істеу керектігін білмеймін. Мен өте қатты қорқып қалдым. Әрі қарай не болады деп қорқам. Қазіргі жағдайды әупірімдеп көтеріп отырмын. Бірақ ол онда жалғыз, сыртқы әлемнен хабарсыз. Оның жағдайы қалай екен, оған қалай қарап жатыр екен? Өтініп сұраймын, көмектесіңдер! – деген ана әрі қарай айтар ойынан жаңылып, көз жасына ерік берген күйі өз - өзіне келе алмай ұзақ жылады.

Ал, «Қазатомпромның» бұрынғы вице-президенті Малхаз Цоцорияның жұбайы Марийка Цоцория күйеуін мамырдың 22-і күні таңертең жұмысқа шығарып салғаннан бері қайта көрмегенін айтады. Сол күні ол күндізгі сағат 11-лер шамасында телефон арқылы үйге хабарласып, хал-жағдайды сұрастырып білгеннен кейін байланыс мүлде үзілген.
Малхаз Цоцорияның әйелі - Марийка Цоцория. Алматы, 1маусым, 2009 жыл.


- Кейін естіп-білгенімдей, қысқа уақытқа созылған осы телефон әңгімесінен кейін артынша-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобы үлкен айқай-шу туғызып, «Қазатомпромға» баса көктеп кірген, менің күйеуімнің телефонын тартып алған, оған ешкімді жібермеген. Содан кешке дейін онда не болып жатқандығын да ешкім біле алмаған. Шамамен кешкі сағат 6-ға 20 минут қалғанда ол маған телефон соғып, қарлыққан дауыспен біздің пәтерді тінту үшін келетіндігін хабарлады. Кешкі 7-лер шамасында олар үйге келді, - деді Марийка Цоцория.

Сондай-ақ, ол комитет қызметкерлері пәтерді тінтуге рұқсат қағазын көрсетпегендігін, өздерін дөрекі ұстағандығын және күйеуінің бір айлық табысын, сондай-ақ жеке компьютерін өздерімен бірге алып кеткендігін ашына баяндады.

Бұдан бөлек, Марийка Цоцория күйеуі ұсталғаннан бірнеше күн өткен соң Азат Фадзуллаев есімді кісі хабарласқандығын және ол өзін ҰҚК тергеу бөлімінің шақыртуымен бұрынғы вице-президенттің адвокаты болатындығын жеткізген.

- Сейсенбі күні бұл адвокатқа алғаш телефон соққанымда естігенім: «Ал, сіз менің гонорарымды дайындадыңыз ба?» деген сауал болды. Жеке өзімнен ол 20 мың доллар сұрады. Менің ойымша, бұл тек бастамасы ғана. Ол маған өз тарапынан қандай жәрдем болатындығын айтпайды. Тіпті, ол оған айт деген нәрсені ғана жеткізе алатындығын жасырмайды, - деді Марийка Цоцория.

Баспасөз конференциясына қатысушылардың бірқатары абақтыда қамалған топ-менеджерлердің қорғаушылары өз қызметтері үшін ақы сұратқандығын жасырып қалмады. Сондай-ақ олардың барлығы да комитет тергеуіне түскен азаматтарды жазықсыз қудалап жатыр деп есептейді. «Қазатомпром» қызметкерлерінің не үшін қуғынға ұшырағандығын ешқайсысы ашып айта алмайды.

Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары «Қазатомпром» төңірегіндегі оқиғаның мұндай тұрғыда дамуына Мұхтар Жәкішевтің бұрынғы тамыр-таныстығы, атап айтқанда қазақ билігінен қашып, шетелді паналаған «БТА банктың» бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовпен және президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен достық қарым-қатынасы себеп болған дегендей болжамдар таратқан еді. Алайда Мұхтар Жәкішевтің жұбайы Жәмила бұл болжамдардың ешқайсысы шындыққа жанаспайтындығын айтты.

- Оның Рахат Әлиевпен туыстық немесе басқаша жақындығы жоқ. Ал, Еуропаға ол денсаулық жағдайымен барған болатын. Ол өз Отанының нағыз азаматы болғандықтан, Қазақстанға қайтып оралды, дәл осындай жағдай болады-ау деген оның ойында да болған жоқ, - деді Жәмила Жәкішева.

Қамауға алынған топ-менеджерлердің әйелдері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдап, күйеулеріне қатысты «заңсыздық пен шексіздікті тоқтатуды» сұрады. Олардың пікірінше, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері топ-менеджерлерді заңсыз ұстап отыр.

Бұған дейін «Республика. Инфо» интернет-басылымы Мұхтар Жәкішевтен бөлек, «Қазатомпромның» төрт вице-президенті - Дмитрий Парфенов, Асқар Қасабеков, Малхаз Цоцория және Бауыржан Ибраев, тағы да кемінде бес адам тұтқынға алынғандығын жазды.

ҰҚК-нің баспасөз қызметі Мұхтар Жәкішев пен ұлттық компанияның басшылығында болған бірқатар лауазымды тұлғалар «аса ірі көлемдегі қаржыны жымқырған» деген күдікпен ұсталғандығын және оларға қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады.

«Қазатомпромның» бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс саяси тапсырыстан туындаған деген болжамды ҰҚК де жоққа шығарып отыр.

- Сөз болып отырған қылмыстық істің қандай да бір саяси астары бар дегенді ҰҚК жоққа шығарады. Жәкішев мырзаның «Қазатомпром» ұлттық компаниясы президенті қызметінен шығарылуы мен одан кейін ұсталуын оның Рахат Әлиев және Мұхтар Әблязовпен ескі байланыстары үшін қудалау мен саяси тапсырыс ретінде көрсетіп, БАҚ арқылы таратылған болжамдардың еш негізі жоқ, - деп мәлімдеді комитеттің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров дүйсенбі күні Астанада өткен баспасөз конференциясында.

Сондай-ақ, комитет қызметкері, ұлттық атом компаниясы қызметкерлерінің ұсталуы соттың рұқсатымен заң аясында жүргізілгендігін, оларды мемлекеттік құпияға уәкілеті бар кез келген адвокат қорғай алатынын айтып отыр.

Сонымен қатар, Кенжеболат Бекназаров ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев мемлекеттің меншігіндегі уран кеніштерін өз иелігіне өткізіп алып, «қара есеп» жүргізген деп мәлімдеді.

- «Ондаған миллиард долларға бағаланатын мемлекеттің уран кеніштерінің 60 пайыздан астамы М. Жәкішев пен оның басқаруындағы фирмаларға заңсыз түрде өтіп кеткендігі де дәлелденіп отыр», - деді ҰҚК өкілі.
XS
SM
MD
LG