Accessibility links

Қорғаушылар Рамазан Есіркеповтің денсаулығына алаңдаушылық білдіруде


Бүгін Алматыда «Алма-Ата-инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркеповтің қоғамдық қорғаушылары бас қосып, қазіргі Тараз қаласының тергеу абақтысында жатқан журналистің денсаулығының сыр бергенін мәлімдеді.

Азаттық тілшісіне оның қорғаушылары журналисте стенокардия, жүрек ауыруы мен қан қысымының жоғарылығы байқалғанын хабарлады. Осыған байланысты оппозициялық газеттердің бас редакторлары Тараз қалалық сотының төрағасы Нұрмұхаммет Әбидовпен кездесіп, Рамазан Есіркеповке кепіл болатындарын айтып, қазіргі берілген жазаның түрін жеңілдетуді сұраған.

Тараз қалалық сот төрешісінің атына Рамазан Есіркеповтің жағдайының нашарлауына байланысты оны тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстыруды сұрап жолданған хатқа Ермұрат Бапи, Гүлжан Ерғалиева, Розлана Таукина, Рысбек Сәрсенбай және басқалар қол қойған еді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Алма-Ата-инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркепов ауруханада емделіп жатқан жерінен биылғы қаңтар айының 6-сы күні тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды.

Өткен жылдың 21-ші қарашасы күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде орыс тілінде жарық көрген «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған еді.

Осыған байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті Есіркеповке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 228 («Өкiлеттiктердi теріс пайдалану») және 172 баптары («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз алу, жария ету») бойынша қылмыстық іс қозғап, оны жауапқа тартып жатыр.
XS
SM
MD
LG