Accessibility links

Атырау соты пара берген Ауғанстан азаматын екі жылға соттады


ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, Атырауда лауазым иесіне пара берген Ауғанстан Республикасының азаматы Джамшид Мохаммад Касим екі жылға сотталған.

Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес, Джамшид Мохаммад Касим 2007-2008 жылы «Джамшид-Арслан Мохаммад Касим Абдул Гани» ЖШС-нің нотариалды куәланған сенімхаты арқылы Атырау облысының аумағында аталған мекеме атынан бұрын қолданыста болған металл құбырларын белгісіз адамдардан құжатсыз сатып алумен айналысып, құбырларды Ауғанстан Республикасына жөнелтіп отырғаны анықталған.

Арыз бойынша жинақталған құжаттар негізінде Атырау облыстық ҰҚК департаментінің тексеруі жүргізілгеннен кейін, М.Джамшид департаменттің жауапты қызметкерлеріне тексеру жұмыстарын жүргізбес үшін 15 000 АҚШ доллары мен 7000 АҚШ доллары тұратын автокөлігін ұсынған.

2008 жылғы 26 қараша күні М.Джамшид ҰҚКД қызметкерінің кеңсесінде 1500 АҚШ доллары көлемінде пара беру үстінде қолға түсті.

Атырау қалалық сотының 2009 жылғы 6 мамырдағы үкімімен Ауғанстан Республикасының азаматы Джамшид Мохаммад Касим ҚР Қылмыстық кодексінің 312 бабының 2 тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, ол жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болды.
XS
SM
MD
LG