Accessibility links

Иранның Сақшылар кеңесі Мусавиге ескерту жасады


Ирандағы президент сайлауына оппозициядан түскен үміткер Мирхоссейн Мусавидің қолдаушылары, ресми биліктің рұқсат бермеуіне қарамастан, бүгін Теһранда жаппай наразылық ереуілін өткізуді жоспарлап отыр.
Президент сайлауының ресми нәтижесіне сәйкес, Мусави қазіргі президент Махмуд Ахмадинеджадқа жеңіліп қалды. Алайда сайлаудың ресми нәтижесіне қарсы жаппай наразылық бір апта бойы жалғасып келеді.
Өткен жұма күні Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи оппозицияның 12 маусымдағы сайлаудың нәтижесі бұрмаланды деген мәлімдемесін теріске шығарды. Аятолла, сонымен қатар, наразылық шарасын дереу тоқтатуды қатаң талап етіп, басқаша жағдайда шерушілерге қарсы күш қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
Бүгін, сондай-ақ, Иранның жоғарғы заң шығарушы құрылымы – Сақшылар кеңесі де президент сайлауының нәтижесін өзінің төтенше мәжілісінде талқылады. Оған сайлау барысында заңсыздықтарға жол берілгенін мәлімдеген үш оппозициялық үміткер де шақырылды.
Соңғы сәтте Иранның ISNA агенттігі хабарлағандай, Иранның Сақшылар кеңесі президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша жеңілген Мирхоссейн Мусавиге жаппай наразылық ереуілдерінің салдары үшін жауапқа тартылатынын ескертті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG