Accessibility links

Қазақстанға Израиль президенті келеді


29 маусым күні Қазақстанға Израиль мемлекетінің президенті Шимон Перес келеді. Мемлекеттік жұмыс сапары барысында Шимон Перес Қазақстан басшылығымен екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселесін талқыламақ, — деп хабарлайды СІМ ресми өкілі Ержан Ашықбаев.

Ресми өкілдің мәліметінше, сапар қорытындысы бойынша ғарыш саласын игеру, екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының ықпалдастығы жөнінде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылу жоспарланған. Сондай-ақ сапар аясында Астанада екі мемлекеттің іскер өкілдерінің қатысуымен бизнес форум да өткізілмек.

Шимон Перестің Қазақстанға мемлекеттік сапары Қорғаныс министрлігінің Израилден сатып алған әскери техникасы жөніндегі дауға байланысты жоспарланған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, аталған дауға байланысты қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов Қазақстанға Израиль әскери кәсіпорнының мүддесін көздеп келген Борис Шейнкманның ісі бойынша ұсталып, 2006 жылы Израилмен жасалған қару-жарақ келісіміне қатысты заң бұзушылықтарға байланысты қамауға алынған еді.

Ал өткен аптада министрліктің айналасындағы дау-жанжалдарға байланысты Қазақстан қорғаныс министрі Даниял Ахметов қызметінен босатылды.
XS
SM
MD
LG