Accessibility links

Серік Тұржановтың жазасын өзгертуге пара бермек болған адамның өзі тұтқындалды


Қаржы полициясы Ұлттық халық санағын жүргізуге бөлінген мемлекет қаржысын жымқырды деп ұстаған «КИІК Фирмасы» ЖШС-нің құрылтайшысы Серік Тұржановқа белгіленген жазалау шарасын өзгерту үшін пара бермек болған Темірәлі Шіркінбаев тұтқындалды, — деп хабарлайды Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің ресми өкілі Мұрат Жұманбай.

«16 маусым күні ол қаржы полициясы тергеу басқармасының бастығына тұтқындағы Серік Тұржанов пен басқа да азаматтардың жазалау шарасын өзгерту үшін 600 мың АҚШ долларын бермекші болып, сөйлескен», — деді ресми өкіл.
Оның мәліметінше, Шіркінбаев 26 маусым күні лауазымды тұлғаға пара бергені үшін ұсталып, 28 маусым күні оны тұтқындауға сот санкция берді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «КИІК Фирмасы» ЖШС-нің құрылтайшысы Серік Тұржанов маусымның 2-і күні жемқорлық жасады деген күдікпен осы фирманың бас директоры Александр Нысанов және статистика агенттігі төрағасының орынбасары Бірлік Меңдібаевтармен бірге қамауға алынған болатын.
XS
SM
MD
LG