Accessibility links

Өзбекстанда қайтыс болған ақтөбелік көлік жүргізушінің өлімі анықталды


Ресми органдар Өзбекстанда қамауда болып, қайтыс болған ақтөбелік көлік жүргізуші Иван Назаровтың қазасына байланысты түсінік беруден бас тартуда.

Күйеуінің мәйітін елге алып келу үшін Нүкіске аттанған марқұмның зайыбы Валентина Кощенова: «Ішкі істер департаментінің қызметкерлері Иванның мәйіті 24-ші маусым күні шекарадан бір жарым шақырым жерде табылғанын ғана айтты. Дәл қазір мен үшін бәрі жұмбақ, біз Өзбекстандағы тергеу абақтысына барған кезде де, тұтқындағылардың тізімінде Иван Назаровтың болмағанын білген жоқпыз. Енді оның мәйітін алып келу үшін анықтамалар жинаудамын, оған қаражатым да жоқ, көмектесіп жатқан адамдарға рахметімді айтамын» , — деді.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Нүкісте қамауда болған ақтөбеліктердің санын 27 деп көрсетіп келді, іс жүзінде олар 28 болған. Яғни Нүкістің құқық қорғау органдары бір жүргізушінің қазасын жасырын ұстаған, оның қандай жағдайда көз жұмғаны да әзірге белгісіз.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ақтөбелік 27 жүргізуші биылғы ақпан айының 26-сы күні Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас аймағында ұсталған болатын.

Өзбекстан прокуратурасы олардың барлығына «өзге республикаға заңсыз өту», «ұрлық» және «кеден заңдылығын бұзу» деген айыптар тағып, екеуін ұйымдастырушы ретінде 15 жылға, қалғандарын 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді, бірақ Нүкіс соты жауапқа тартылғандарға айыппұл салумен шектелді.
XS
SM
MD
LG