Accessibility links

«Қазатомпром» топ-менеджерлерін жаңадан тағайындады


«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі вице-президенті болып Нұрлан Рыспанов, ал экономика және қаржы жөніндегі вице-президенттігіне Ғалымжан Пирматов тағайындалды, — деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Компания топ-менеджментінің ауысуы «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті ҰҚК ұстағаннан кейін басталды. 21 мамыр күні Мұхтар Жәкішев Бас прокуратураның ұсынысымен атқарып келген қызметінен босатылған болатын.

Рыспанов Нұрлан 1961 жылы Павлодар облысында туған. Ленинград су транспорты институтын, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Д.Қонаев атындағы институттың докторанты, Қазақстан ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі.

«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының вице-президенті болып тағайындалғанға шейін Кен рудасы активтерінің дирекциясын, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның тау өнеркәсібі активтері дирекциясын басқарған.

Пирматов Ғалымжан 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Новосибирск мемлекеттік университетін, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдаған.

2002 - 2009 жылдар аралығында Almaty Power Consolidated бас директорының орынбасары, Ұлттық банк АҚ-ның басқарушы директоры және жобаларды қаржыландыру басқармасының бастығы, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі қызметін атқарған. «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының вице-президенті болып тағайындалғанға дейін «БТА Банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болған.
XS
SM
MD
LG