Accessibility links

Бүгіннен бастап Қазақстанға 1997 жылға дейін шығарылған көліктер әкелінбейді


Бүгіннен бастап Қазақстанда Еуро 2 халықаралық техникалық және экологиялық стандарты енгізіледі, — деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігі.

Еуро нормасы – автокөлік құралдары шығарған газдардың улы заттарын шектеу және автокөлік техникасы үшін жанармай сипаттамасына қойылатын талаптар. Бұл талаптар, ең алдымен, автомобиль өндірушілерге арналған.

Қазақстанда Еуро халықаралық техникалық және экологиялық стандарттарын енгізу үшін ҚР үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 қаулысымен Қазақстан Республикасының аумағында айналымға шығарылатын автокөлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттар шығындыларына қойылатын талаптар туралы техникалық регламент бекітілді. Бұл құжат Еуро стандарттарын енгізуді кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздейді. Мысалы, автокөлік құралдары үшін Еуро-2 экологиялық кезеңі 2009 жылғы 15 шілдеден, Еуро-3 – 2011 жылғы 1 қаңтардан, ал Еуро-4 – 2014 жылғы 1 қаңтардан басталады. Ал жанар-жағармайға қатысты Еуро-2 стандарты 2010 жылғы 1 қаңтардан, Еуро-3 – 2014 жылғы 1 қаңтардан, ал Еуро-4 – 2016 жылғы қаңтардан кешіктірмей енгізілуі тиіс.

Министрліктің мәліметінше, Еуро-2 стандартының енгізілуімен 1997 жылға дейін, ал Еуро-3 стандартының енгізілуімен (2011 жылдан бастап) 2001 жылға дейін шығарылған еуропалық автомобильдерді әкелуге тыйым салынады. Бірақ, бұл жаңа экологиялық талаптар қолданыстағы автокөліктерге қатысты болмайды, оларды толықтай амортизациялағанға және біржола тозғанға дейін қолдануға болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG