Accessibility links

«Ғасыр алаяғының» әйелі де сотқа тартылды


АҚШ-тың бағалы қағаздар мен биржа комиссиясы қаржылық «ғасыр пирамидасын» құрушы Бернард Мэдоф активтерін сатуды басқарушы, оның қамқоршыларының бірі Ирвин Пекар қаржыгердің әйелі Рутты сотқа берді, — деп хабарлайды Associated Press.

И.Пекар өзінің талап-шағымын 45 млн долларға бағалауда. Оның пікірінше, Рут Мэдофф жылдар бойы алданған салымшылардың ақшасына «салтанатты» өмір сүрген. Шағымданушы Руттың бұл ақшаларды жұмсауға құқы жоқ еді деп отыр. Ал Рут Мэдоффтің адвокаты бұл шағым әділетсіз деген пікірде.

Б. Мэдофф 20 жыл бойы инвесторларды алдап, ешқандай инвестиция жөнінде келісім жасамағанын, жәй ғана тұтынушылардың ақшасын өзінің есепшотына аударып отырғанын сотта мойындаған еді.

Алданған салымшылардың қатарында АҚШ-тың танымал тұлғалары мен бақуатты адамдары және әлемдегі ірі банктер BNP Paribas, HSBC, Credit Agricole, Societe Generale, Natixis, Nomura, Royal Bank of Scotland, UniCredit сияқты ұйымдар бар.

Бұдан бұрын ғасыр алаяғының 150 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлағанбыз. Одан кейін оның жазасын өтеу мерзімі үкімде белгіленген уақыттан 20 жылға қысқарып, Мэдофф түрмеден 2139 жылдың 12 қарашасы күні шығатын болды, ол кезде оның жасы 201-ге келеді.

130 жыл түрмеде отыру жазасымен бірге оның 170 миллиард доллар мүлкі тәркіленді, АҚШ заңы бойынша ол келтірілген залалды үш есе көлемде қайтаруға міндетті. Мэдофф сот шешіміне апелляциялық шағым жасаған жоқ.
XS
SM
MD
LG