Accessibility links

Рамазан Есіркеповке қатысты сот үкімі келесі жұмада жария етілмек


Сұлтан Махмадовтың адвокаты Мұсатай Бектасовтың Азаттыққа хабарлауынша, Рамазан Есіркеповке қатысты сот отырысындағы жарыссөздер аяқталған, енді «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторына қатысты сот үкімі 7-тамыз күні сағат 10.00-де жария етіледі.

Бұдан бұрын Тараз қаласындағы №2 сотта жабық жағдайда өтіп жатқан процесте прокурордың судьядан журналист Рамазан Есіркеповті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанын хабарлағанбыз.

Рамазан Есіркепов биылғы қаңтар айының 5-і күні Алматыдағы ауруханада емделіп жатқан жерінен тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды. ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаментінің оған қарсы қылмыстық іс қозғауына былтырғы жылғы 21-ші қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде жарияланған Рамазан Есіркеповтің «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақаласы себеп болды.

Даулы мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған. «Құпия» белгісімен жазылған хатта салық төлеуден жалтарған деген негізбен «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны және серіктестіктің құрылтайшысы кәсіпкер Сұлтан Махмадов Қазақстан президентінің Жамбыл облысына сапары кезінде онымен кездесуге тырысып жатқаны туралы баяндалған.
XS
SM
MD
LG