Accessibility links

«Әлем-Артты» қаржыландырған «БТА банкі» ақшасын қайтарып алмақ


«Әлем-Арт» қоғамдық қоры «Самұрық-Қазынаға» 837 млн. теңгені қайтарып беруі тиіс. Бүгін Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық эканомикалық сотының судьясы М. Ахметшиева осындай шешім шығарды.

«Әлем-Арттың» қорғаушысы адвокат Сергей Уткин «ең қызығы талап арызды берген «Самұрық-Қазына», алайда аталған соманы «БТА банкіне» қайтару туралы шешім шығып отыр», — дейді.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мүддесін көздеген талап-арыз маусымның 4-інде жіберілген. «Әлем-Арт» қорының президенті Данияр Шәбдікәрімов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының берген талап-арызының заңды негізі жоқ деп санайды. Сондай ақ ол «қазіргі таңда қорда мұндай ақша жоқ, сондықтан мен қазір не істеп, не қоярымды білмей тұрмын», — деді.

«Әлем-Арт» соңғы үш жыл ішінде Мұхтар Әблязовтың басқаруындағы «БТА банкінен» демеушілік көмек алып келген. Алайда үстіміздегі жылдың басында Әблязов банктің басшылығынан кеткеннен кейін қаржылай қолдау тоқтатылған болатын. Есесіне, 2006-шы жылдан бері берілген ақшалар да қайтарылуы керек деген шешім шығарылып отыр.

Үш жыл ішінде бөлінген бұл қаржы «Отандағы концерттер» жобасына, Шыңғыс Айтматовтың жинақтарын шығару мен Болат Атабев басқаратын «Ақсарай» театрына жұмсалған.
XS
SM
MD
LG