Accessibility links

ҚР ҰҚК Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасарына қатысты тергеуді тәмамдамақ


ҚР ҰҚК «Билігін асыра пайдаланды» деген айып тағылып, қамауға алынған ҚР Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың ісіне қатысты тергеу жұмыстарын аяқтамақ, — деп хабарлады Ұлттық Қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қ.Маерманов Қазақстанға Израиль әскери кәсіпорынының мүддесін көздеп келген Борис Шейнкманның ісі бойынша ұсталып, Израилмен арада 2006 жылы жасалған қару-жарақ келісіміне қатысты заң бұзушылықтарға байланысты қамауға алынған еді.

Қажымұрат Маерманов реактивті қаруды сатып алу және артиллериялық жүйелерді жетілдіруге қатысты израильдік фирмалармен бірқатар келісім-шарт жасау кезінде өз өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталған болатын.

Қылмыстық іс қорғаныс министрлігінің 82 миллион доллар сомасындағы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануы жайлы Есеп комитетінің жасаған материалдары негізінде қозғалған. Тергеудің анықтағанындай, келісім-шарттар 2006 жылдан бастап қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың тікелей жетекшілігімен жасалынған.

ҰҚК ол келісім-шарттар жасалған үш артиллериялық жүйені сатып алуға 190 миллион доллар жұмсалғанын айтады. Тергеушілер мұны әдейі қымбат бағамен көрсетілген деп санайды.

Сондай-ақ Қажымұрат Маермановтың өзіне өзі қол жұмсауға ұмтылып, мойнын қайшымен жарақаттағанын, одан кейін күтпеген жерден өз адвокаты Бекентай Бубербаевтан бас тартып, кінәсін мойындауға дайын екенін білдіргенін хабарлағанбыз.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG