Accessibility links

Тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов 3 жылға сотталды


Азаттық радиосының Таразда жүрген тілшісі Ермек Болтайдың хабарлауынша, сенбі, тамыздың 8 інде «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторы Рамазан Есіргеповке қатысты сот үкімі шығарылды. Сот процессі жабық жағдайда өткендіктен түске таман сыртта күтіп тұрған журналистер мен айыпталушылардың туған туыстарының алдына бұл іс бойынша жауапқа тартылғандардың бірі Сұлтан Махмадовтың адвокаты Мұсатай Бектасов шығып, сот үкімімен таныстырған:

- Сот С.Махмадовты мүлкін тәркілей отырып 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Оның күзетшісі Ерлан Сандыбавты 8 жылға, журналист Р.Есіргеповты 3 жылға бас бостандығынан айырып, 2 жыл журналистік және баспа жұмыстарымен айналысуына тиым салынды. Вадим Сеньявскиді 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды – деп хабарлаған адвокат Мұсатай Бектасов.

Р.Есіргеповтың әйелі Раушан Азаттық радиосына өзінің соңғы сәтке шейін әділ шешім шығатындығына сенімді болғандығын айтып берді. Ол кәсіби қызметін атқарғаны үшін журналисті осыншама ауыр жазалауға болмайды деп есептейді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жауапқа тартылғандарды сот ғимаратынан шығарып алып бара жатқанда журналист Рамазан Есіргепов полицейлердің қарсылығына қарамастан, жиналған көпшілікке «Бұл Қазақстандағы сөз бостандығын аяққа таптау, Мен өз құқымды қорғаудан шаршамаймын» деп айтып үлгірген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG