Accessibility links

464 үміткер «Болашақ» стипендиясына ие болса, 14 студент шетелде оқу мүмкіндігінен айырылды


Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 464 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды, — деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Үміткерлер басымдылық беріліп отырған мамандықтар тізбесінен «Менеджмент» (77 адам), «Мұнай-газ ісі» (55 адам), «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер» (44 адам), «Экономика» (43 адам), «Құқық» (33 адам), «Мемлекеттік саясат» (33 адам), «Математика» (27 адам), «Статистика» (25 адам) сияқты мамандықтарды, ал 8 адам медициналық мамандықтарды таңдаған.

2009 жылдың 7-31 шілдесі аралығында өткізілген конкурстық іріктеудің бірінші және екінші кезеңдерінің нәтижелері бойынша шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның қарауына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін 587 үміткердің жеке істері ұсынылды.

Олардың ішінде конкурстық іріктеуге 386 үміткер шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен түсу арқылы қатысса, 201 үміткер жалпы конкурс арқылы өтті.

Үміткерлердің көпшілігі оқу үшін құжаттарын Ұлыбританияға тапсыруда (400 адам), қалған үміткерлер мына елдерді таңдаған: АҚШ (92 адам), Ресей (16 адам), Қытай (8 адам), Швейцария (11 адам), Канада (9 адам), Чехия (10 адам), Франция (7 адам).

Сонымен қатар осы жылы 14 стипендиат «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айырылып қалды. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шамшидинованың хабарлауынша, бұл студенттер келісім-шарттағы көрсетілген міндеттемелерін орындамаған және нашар оқығандары да бар, бұлардың бәрі мемлекет шығындарын толық көлемде қайтаратын болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG