Accessibility links

Ауғанстанда президент сайлауы өтеді


Бүгін Ауғанстанда ел президентінің сайлауы өтеді. Сайлау алды науқан ресми түрде 17-тамыз күні аяқталған болатын. Мемлекетті басқарудан үміткерлер арасында елдің 2002 жылдан бергі президенті Хамид Карзайдан басқа бұрынғы сыртқы істер министрі, доктор Абдулла Абдулла, бұрынғы қаржы министрі Ашраф Гани Ахмадзай, Ауғанстанның Мәскеудегі бұрынғы елшісі Хабиб Мангал, парламент депутаттары Рамазан Башардост, Саид Джалал, президенттің кеңесшісі Хидаят Амин Арсалла және басқалар бар.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, негізгі тартыс аталған кандидаттардың бастапқы үшеуінің арасында болады деген болжам бар. Ал қоғамдық пікірдің қорытындысы бойынша қазіргі президент көш бастап келеді.

Американдық Glevum Associates агенттігі жүргізген зерттеулер мәліметінше, Карзай сайлауға қатысатын ауғандықтардың 45 пайызының дауысына үміт арта алады. Екінші орында 25 пайыздық қолдаумен бұрынғы сыртқы істер министрі, доктор Абдулла Абдулла тұр.

Тағы екі кандидат сайлаушылардың 9 және 4 пайыз дауыстарына ие болады деп жоспарланған, ал сұралғандардың 17 пайызы қалған өз дауыстарын қалған 37 үміткерге бөліп беретіндіктерін айтқан.

Тәуелсіз сайлау комиссиясының айтуынша, бұл жолғы үміткерлердің барлығы бірдей президенттік қызметке лайық болмауы да мүмкін. Олардың кейбірінің басқару тәжірибесі немесе білімі жетіспей жатады. Алайда сайлау заңы бойынша үміткерге қойылатын талап деңгейі жоғары емес, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG