Accessibility links

12 жылдан бері іздеуде болған қылмыстық топ мүшесі қолға түсті


Қазақстандық полицейлер Өскеменде жезқазғандық «Саги» қылмыстық тобының мүшесі Бекхан Бутиев дегенді қолға түсірген. Тексеру барысында оның өмірбаянының өте қызық екені —бір кезде қарақшылықпен айталысқан бизнесменнің қалалық мәслихат депутаттығына кандидат болғаны анықталған.

Тағы бір қызық жайт — Бутиев шын мәнінде Шешен-Ингуш республикасының 35 жастағы тумасы Мүслім Мочиев болып шыққан. Оған 45 жастағы жерлесін кек алу мақсатында өлтіргені үшін халықаралық іздеу жарияланыпты. Күдікті мәйітті көліктің жүк салғышына салып, Павлодар қаласындағы автотұрақтардың біріне қалдырып кеткен.

Мочиев кейін аты-жөнін өзгертіп, кәсіпкерлікпен айналысқан. Бұған қоса Қарағанды облысы аумағындағы ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландырып отырған. Өткен жылы ол Жезқазған қалалық мәслихаты депутаттығына үміткер ретінде сайлауға да түсіпті. Сондай-ақ, оның банктен несиеге 200 млн теңге алып, уақытында қайтармағаны мәлім болды.

Өскеменге бизнесін кеңейту мақсатында жергілікті кәсіпкерлермен келісуге келген оны ұстау үшін Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысының жедел тобы жұмыс істеген. Қазір 12 жылдан бері іздеуде болған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
XS
SM
MD
LG