Accessibility links

Бүгін құқыққорғаушы Евгений Жовтиске қатысты алғашқы сот отырысы өтеді деп күтілуде


Адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасының себепкері Адам құқын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистің ісіне қатысты алғашқы сот отырысы бейсенбі, тамыздың 27-інде Алматы облысы, Балқаш ауданының Бақанас елдімекенінде өтеді деп күтілуде.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, құқыққорғаушы Евгений Жовтис өзінің жүргізуіндегі «Тойота» маркалы автокөлігімен шілденің 26-сы күні сағат 22.30-дың шамасында Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында 34 жасар жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапқан еді.

Евгений Жовтис өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі «тапсырыс» деп бағалайтындығын мәлімдеп: «Бұл саяси тапсырыс па, әлде біреулердің тапсырысы ма, мен оны білмеймін. Бірақ бұл қылмыстық істің тапсырыс екеніне менің күмәнім жоқ. Бұл іске қатысты мені айыптауға еш негіз жоқ. Алайда мені біреудің тапсырысымен айыптау қажет болғандықтан, тергеу ісіне уақыт пен кеңістікті ұштастыру керек болды. Ал ондай ұштастыруға олар менің берген жауаптарымды бұрмалау арқылы қол жеткізді», – деген еді.

Сондай-ақ ол тергеу ісінің барысында құқық бұзушылықтарға жол берілгендіктен бүгінге жоспарланған соттың әділ болатынына күмәнмен қарап отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG