Accessibility links

Ертең Семей полигонының басталған және жабылған күні


29 тамыз Семей полигонындағы сынақтардың басталған күні және полигонның жабылған күні. Биыл бұл ядролық сынақ полигонының жабылғанына 18 жыл толды. Бұл полигонның жабылуына ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған «Невада- Семей» қозғалысының үлес қосқаны мәлім. 1991 жылдың тамыз айында президент Н.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.

Семей жерінде алғашқы ядролық бомба 1949 жылғы 29 тамызда Дегелең тауы баурайында алғаш сынақтан өтті. Жалпы қазақ жерінде 1949-1989 жылдар аралығында 500 –ден астам жарылыс болған. Осының салдарынан 300 мың шаршы километрдей жер радиациямен ластанып, миллионнан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы атаулы күнге орай 29-тамызды Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау туралы бастама көтерді. Алайда Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту үлгісі әлемде жалғасын таппағанына қынжылыс білдірген мемлекет басшысы: «Қазақстан ядролық сынақтың барлық ауыртпалығын басынан кешірді, ядролық қаруды таратпаумен күрес біз үшін өткір де маңызды мәселенің қатарында. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан әлемдегі төртінші орынға ие ядролық арсеналынан бас тартты. Ядролық қаруды таратпау туралы келісім (ДНЯО) жұмыс істемейді, өйткені оған әлемдік қауымдастық ықпал ете алмай отыр. Біздің үлгіміз де, өкінішке қарай, көптеген елдердің қызығушылығын тудырған жоқ», — деді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Ислам Конференциясы ұйымының Бас хатшылығы ұйымға мүше мұсылман елдерінен Қазақстан президентінің 29-тамызды Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау туралы бастамасын қолдауды сұрады. Әзірге бұл бастамаға Сауд Арабиясы мен Оман сұлтандығы ғана қолдау білдірді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG