Accessibility links

Назарбаев: Қазақстан әлемдік дағдарысқа төтеп берді


Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» монументі орналасқан алаңда өткен Қазақстанның Конституциясы күніне арналған салтанатты әскери шеруде президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің бүгінгі ахуалы туралы айтып өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Онда мемлекет басшысы «Ата заңымыз - әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының өсуінің кепілі. Тегін орта білім, азаматтардың денсаулығын қорғау, аналар мен балаларға, мүгедектерге және аға буынға қамқорлық жасау мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген. Соңғы 14 жылда Қазақстанның экономикалық қуаты - 8 есе, халықтың табысы - 17 есе өсті. Бұл Ата заңымыз бойынша еліміз өмірінің нақты нәтижелері», деді.

Президент Қазақстанның экономикасы қазіргі әлемдік дағдарыстың тегеуірініне төтеп берді деп атап өтті. «Мемлекет әрбір ауылға, әрбір қазақстандық отбасыға көмектесті және қолдау көрсетті. Бюджет қызметкерлерінің жалақысы, зейнетақы, жәрдемақы және стипендия ұлғаюда. Шағын және орта бизнеске, құрылыс индустриясына, жетекші банктерге қолдау көрсетілді. Қазірдің өзінде 350 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Қазақстан бүгінде экономикалық дамудың жаңа сапасына қол жеткізуге және барлық қазақстандықтардың өмірінің жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бағдарланды», деді Н. Назарбаев.

Назарбаев Қазақстан Конституциясы халық үшін жасалған, оны халық қабылдаған және халықтың игілігі үшін жұмыс жасап жатыр деп атап өтті.
XS
SM
MD
LG