Accessibility links

Қазақ радиосының бұрынғы қызметкері 10 млн теңге моральдық шығын талап етуде


Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін Алматының Бостандық аудандық сотында Қазақ радиосының жұмыстан заңсыз шығарылған бұрынғы қызметкері Гүлбану Мүшірованың арыз-шағымы бойынша алғашқы сот отырысы өтті.

Биылғы жылдың 3-шілдесінен бері жұмыссыз отырған Қазақ радиосының дыбыс жазу және монтаждау бөлімінің дыбыс операторы Гүлбану Мүшірова өзінің жұмыстан шығарылуының заңсыз екенін айтып, 10 млн теңге моральдық шығын талап етіп отыр.
Гүлбану Мүшірованың қорғаушысы Гүлнар Мұратқызының айтуынша, 16 жылдан бері осы ұжымда жұмыс істеп жүрген Гүлбануды жұмыстан шығару үшін басшылыққа ұсыныс түсірген монтаждау операторларының жетекшісі Амангелді Сәндібаев Еңбек кодексінің 94-бабына сәйкес тек ескерту ғана беруі керек екен.

Шағымданушы Гүлбану Мүшірованың Сенат парламентінің депутаты Тұрарбек Асановқа жазған өтініш хатынан белгілі болғаны ол маусымның 4-і күні түстен кейін сырқаттануына байланысты «Шалқар» арнасының бас редакторы Ғалым Есенсариевтен ертеңгі жұмыс күнінен босатуын сұраған. 5 маусым күні де Қазақ радиосының Бас редакторы Саясат Бейісбайға телефон соғып, жұмыстан сұранғанын ескерткен. Гүлбану өзінің тікелей басшысы Амангелді Сәндібаевтан сұранбауының себебін оны жұмыс орнынан таба алмауымен түсіндіреді.

Бұл шағым бойынша өтетін келесі сот отырысы қыркүйектің 4-іне белгіленіп отыр.
XS
SM
MD
LG