Accessibility links

Мемлекеттік айыптау бұрынғы экология министрін 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады


Бюджет қаржысын жымқырды және ұйымдасқан қылмыстық топқа жетекшілік етті деп айыпталып отырған Қазақстанның бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақовқа қатысты өтіп жатқан сот процесінде мемлекеттік айыптаушы тарап соттан экс-министрді 7 жыл бойы мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан айырып, мүлкін тәркілеп, жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтеумен 7 жылға бас бостандығынан айыру түрінде ақырғы жаза белгілеуді сұрады.

Ал өзіне тағылған айыптың бір де бір пунктін мойындамайтынын мәлімдеген бұрынғы экология министрі: «Маған тағылған ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айыптауды ақылға сыйымсыз деп есептеймін. Егер Балқаштағы конденсатор кәдеге жарату мәселесі менің министрлікке келуіме дейін белгілі болып, үкіметтік деңгейде талқыланып, алқаның шешімі қабылданған болса, онда қалай қылмыстық топ құруды ұйымдастыруға болады? Мен заңға бағынатын адаммын, жұмыстан кеткеннен кейінгі болып жатқан жайларды, маған қарсы қылмыстық істің де қандай негізде қозғалғанын түсінбеймін», — деді.

Бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақов пен оның орынбасарлары Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсенбаевтар мемлекеттік сатып алу кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, 1,172 миллиард теңге (шамамен 7,8 миллион доллар) мөлшерінде бюджет қаржысын жымқырған деп айыпталуда.

Нұрлан Ысқақов экология министрі қызметін 2006 жылдың сәуір айынан бастап 2009 жылдың наурыз айына дейін атқарды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG