Accessibility links

"Республика" басылымы ісіне Кәрім Мәсімовтің қатысы бар"


БТА банкімен арада болған сот процесі нәтижесінде банкке 60 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген басылым журналистері газеттің жабылуы қарсаңында осылай мәлімдеп отыр, — деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Газеттің бас редакторының орынбасары Оксана Макушина бұл процеске премьер министрдің тікелей қатысы бар деп мәлімдеп: «Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл процесс банктің беделіне нұқсан келтіреді. Біздің пікірімізше, бұл процеске тапсырыс беруші БТА банк емес. Мен не себепті тапсырыс беру туралы айтып тұрмын? Сот біздің дәлелдерімізді толығымен жоққа шығарып, банктің шағымын алғашқы түпнұсқа қалпында еш өзгертпей қанағаттандыра салды. БТА банктің артында мемлекет яғни, «Самұрық-Қазынаны» бақылайтын Кәрім Мәсімов тұрғандықтан, оны біздің басылым тарапынан айтылған сындар әбден шаршатқан болар. Алдағы сот процестері де бұрынғыларын қайталауы мүмкін. Бірақ біз заңды сыйлайтын азаматтар ретінде барлық инстанциядан өтеміз», — деді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, осы жылдың шілде айынан бері жалғасып келе жатқан «Республика» газеті мен БТА банкі арасындағы сот процесі өткен аптада аяқталған-ды. 2009 жылдың 6 -наурызында «Республика» газетінің 8-санында жарық көрген Мұхамеджан Әділовтің «Хрен редьки не слаще» атты мақаласы банктің 6 миллиард 770 мың теңге депозитінен және клиенттерінен айырылып қалуына тікелей әсер етті деп сотқа шағым түсірген БТА банктің пайдасына шешім шығарған сот «Республика» газетін 60 миллион теңгені (400 мың АҚШ доллары шамасында) өндіріп беруге міндеттеді.
XS
SM
MD
LG