Accessibility links

«Республика» газетінің тиражы мен меншік иесінің есепшоты арестке алынды


БТА банкінің газетке қарсы жасаған шағымын қанағаттандырған сот шешімін орындауды қамтамасыз ету ретінде бүгін түнде типографиядан шығу кезінде «Республика – деловое обозрение» газетінің тиражы мен меншік иесінің есепшоты арестке алынды.

«Соттың шешімі әлі күшіне енген жоқ, ал апелляциялық шағымның мерзімі 24 –қыркүйекте бітеді», — дейді газет редакциясының қызметкерлері.

Бұл туралы таратылған хабарламада сот төрешісі Мақсудовтың БТА банктің пайдасына «Республика» газетінен 60 миллион теңгені (400 мың АҚШ доллары шамасында) өндіріп алу туралы шешім шығарғаннан кейін банктің сұрауымен меншік иесінің мүлкі мен есепшотын арестке алу туралы тағы бір шешім шығарғаны айтылады.

Басылымның заңгері Сергей Уткин сот орындаушысына түнде өтініш жазып, жиналған ақшаны банкке беру шартымен газетті сатуға рұқсат сұраған, өйткені ол кезде 50 теңгеден сатуға болатын газеттің құны екі күннен кейін макулатураның бағасымен бірдей болады. Бірақ сот орындаушылары бұл өтінішті елемей қойды.

«Бұл газет жабылғаннан кейін жарық көрмейтін теріске шығару да, БТА-ның ақшасы да сот орындаушыларына керегі жоқ екенін көрсетеді», — деді Сергей Уткин.

Газет қызметкерлері арестке қарамастан берілмейтіндіктерін айтып отыр. Бүгін таңертеңнен бастап газеттің жаңа саны электронды жазылым бойынша мыңдаған оқырманға жол тартты. Сондай-ақ газетті интернеттен мәтін түрінде де, ПДФ-нұсқасында да оқуға болады.
XS
SM
MD
LG