Accessibility links

Жовтисті қолдау акциясы тыныш өтті


«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен тәуелсіз журналист Сергей Дуванов бүгін түскі 12-де Алматының Арбатына шығып, адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтиске қатысты шығарылған сот шешіміне қарсы наразылық акциясын өткізді. Осылайша олар «Бүгін - Жовтис, ертең - сен!» атты акцияны жалғастырды.

Оқиға орнынан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 20 минутқа созылған наразылық акциясы ың-шыңсыз өткен. Қолдарына плакат ұстап, үстеріне қызғылт-сары жейде киген акция өткізуші екеуге прокуратура өкілі ескерту жасаумен ғана шектелді.

Әр сәрсенбі сайын өткізіліп келе жатқан қоғамдық акцияны екі апта бұрын журналист әрі саясаттанушы Виктор Ковтуновский бастап, өткен аптада оны тәуелсіз журналист Андрей Свиридов қоштаған еді.

Бұл екеуі де қоғамдық орында заңсыз акция өткізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылды: Ковтуновскийге 32 мың теңге, Свиридовке 12 730 теңге айыппұл салынды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис 3 қыркүйекте жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG