Accessibility links

Алматыда Жовтисті қолдау акциясына шыққандарды полиция алып кетті


Сәрсенбі күні түсте Алматы «Бүгін - Жовтис, ертең - сен!» акциясын өткізушілерді полиция Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына алып кетті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, журналист Жанна Байтелова, Алматы тұрғыны Ольга Оразбекова және өзін таныстырудан бас тартқан тағы бір студент Арбаттың қақ ортасында «Жовтиске бостандық берілсін!» деп дауыстап ұрандатты. Прокуратураның екі өкілі олардың бұл әрекеті заңсыз екендігін ескерткен. Сол жерде хаттама толтырылып, полиция акция өткізушілерді өздерімен бірге аудандық ішкі істер басқармасына жүрулерін талап еткен. Акция шамамен жарты сағатқа созылды.

Қыркүйек айының басынан бері сәрсенбі сайын өткізіліп келе жатқан көпшілік акцияны журналист әрі саясаттанушы Виктор Ковтуновский бастаса, наразылық акциясын журналист Андрей Свиридов, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен журналист Сергей Дуванов әрі қарай жалғастырды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Жовтис ісі» бойынша апелляциялық шағым 20 қазанда қаралады.
XS
SM
MD
LG