Accessibility links

«Бүгін – Жовтис, ертең – сен!» акциясын «Азат» партиясы жалғастырды


«Азат» партиясы төрағасының орынбасарлары Маржан Аспандиярова және Петр Своик, сондай-ақ париияның Алматы филиалының жетекшісі Қадыржан Асқаров сәрсенбі күні түсте Алматының Арбатында адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған сот үкіміне қарсы наразылық акциясын өткізуге шықты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, прокуратура өкілдері акция өткізушілерге олардың әрекеттері заңсыз деп ескерту жасады, кейін полиция өкілдері акцияға қатысушылардың қолдарындағы «Бүгін – Жовтис, ертең – сен!» деп жазылған плакаттарды тартып алды. Акция жарты сағатқа созылды.

Қыркүйек айының басынан бері сәрсенбі сайын өткізіліп келе жатқан көпшілік акцияны журналист әрі саясаттанушы Виктор Ковтуновский бастаса, наразылық акциясын журналист Андрей Свиридов, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен журналист Сергей Дуванов, журналист Жанна Байтелова, қала тұрғыны Ольга Оразбекова және студент Ринат Қирабаев әрі қарай жалғастырды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Жовтис ісі» бойынша апелляциялық шағым 20 қазанда қаралады.
XS
SM
MD
LG