Accessibility links

ЕҚЫҰ мен "Фридом Хаус" Жовтиске қатысты сот үкіміне алаңдаулы


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі кеңсесінің директоры Янез Ленарчич қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтистің ісі бойынша апелляциялық шағымды қараған соттың жүргізілуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Аталған ұйымның сәрсенбі күнгі мәлімдемесінде Ленарчич Жовтистің әділ сотқа деген құқына кепілдік беру маңыздылығын атап көрсеткен.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қазанның 20-да апелляциялық сот алқасы Жовтиске қатысты сот үкімін өз күшінде қалдырды.

Ленарчич көлік апатынан қаза болған азаматтың отбасына көңіл айтты.

Бұған қоса, "Фридом Хаус" ұйымы да Жовтистің ісі бойынша соңғы соттың шешіміне наразылық білдіріп, Қазақстан билігін құқыққорғаушының ісі бойынша тергеуді қайта бастауға шақырды.
XS
SM
MD
LG