Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда тоғызқұмалақтан І Азия чемпионаты өтіп жатыр


Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадионның шахмат ғимаратында тоғызқұмалақтан І Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған Қазақстанның спорт шебері, Тоғызқұмалақ федерациясы жетекшілерінің бірі Мақсат Шотаевтың айтуынша, аталған жарысқа 9 елден 31 спортшы шақырылған.

Жарысқа Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия және Түркіменстан елдерінің ең таңдаулы спорт шеберлері қатысуда. Ерлер мен қыздар арасында бөлек өткізілетін жарысқа Қазақстан құрамасында ерлерден Ғ.Темірбаев, А.Сейтжанов, С.Ақтаев, Х.Елеусінов, қыздар арасында Ә.Далиева, С.Сапарбекова, Д.Кенина, А.Такишевалар өнер көрсетеді.

Азия құрлығында алғаш рет өткізіліп отырған бұл жарысты Халықаралык тоғызқұмалақ қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті, Оңтүстік Қазақстан облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр.
XS
SM
MD
LG