Accessibility links

Алматы әкімінің орынбасары тұрғындардың шағымдарына жазбаша жауап қайтарды


Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін Алматыдағы Демократия үйінде қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов осыдан екі апта бұрын түскен 49 арыз-шағымның жауабын беру үшін оппозиция өкілдерімен және бірнеше қоғамдық қозғалыстың басшыларымен кездесуге келді.

Серік Сейдуманов жалпы арыз-шағымдарды алты пунктке бөліп құзырлы органдардың адамдарымен бірге қарастыратынын және жер мәселесіне қатысты құрылған комиссияның жұмысын қадағалап отыратынын мәлімдеді. Және ол арыз-шағымдардың жауабын өз иелеріне жазбаша түрде әкеліп тапсырды.

Кездесуге келген жалпы ұлттық демократиялық партиясы қалалық филиалының басшысы Әмірбек Тоғысов, Қазақстанның комунистік партиясының өкілі Серік Ахатов пен тіркелмеген Алға партиясының өкілі Әділжан Кенжеғалиев және бірқатар қоғамдық қозғалыстың мүшелері қалалық әкімшіліктің арыз-шағымдарға байланысты берген жазбаша жауабымен таныспағанын айтады.

Ал Серік Сейдумановтың жазбаша хатынан толық жауап алмадық деп қанағаттанбаған шағымданушылар әкімшілік мамандарымен жеке кездесіп, мәселелерін талқылауға келісіп тарасты.

Қалалық әкімшілік алдына осыдан екі апта бұрын жиналған шағымданушылар үлескерлер, борышкерлер және Шаңырақтағы жер мәселесі сонымен қатар жанар-жағар май мен комуналдық төлемдердің негізсіз қымбаттап отырғаны жөнінде арыз шағымдарын тапсырған болатын.
XS
SM
MD
LG