Accessibility links

Жәкішевтің әйелі күйеуі туралы бейнежазбаны өзіне ҰҚК-нің төрағасы бергенін мәлімдеді


Қазіргі уақытта қамауда отырған «Қазатомпромның» бұрынғы басшысының жұбайы, кейіннен интернетте пайда болған бейнежазбаны өзіне ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың өз қолымен бергенін хабарлады. Бұл туралы ол бүгін Алматыда БАҚ өкілдеріне арнап өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Бейнежазба бар дискті маған 2009 жылдың 10 қыркүйегінде Астанадағы ҰҚК-нің тергеу абақтысының ауласында ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың өзі берді. Дискіні маған беруінің себебін ол, өзінің мүмкіндігі жоқ болғандықтан, ондағы ақпараттан президенттің де хабардар болғанын қалайтындығымен түсіндірді», - деді Жәмила Жәкішева.

1 желтоқсанда қамауда отырған «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтен youtube сайтында жарияланған видеосұхбатына қатысты жауап алынған болатын.

Жәкішевтен жауап алған ҰҚК-нің ішкі қауіпсіздік қызметінің өкілдері оның интернетке шығып кеткен әңгімесі кіммен болғанын және ол сұхбаттың интернетке жарияланып кету фактісін білуге тырысқан. Бұл туралы Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев хабарлаған болатын. Адвокаттың айтуынша, Мұхтар Жәкішев үшін де ол видеожазбаның әлемдік сайтта жариялануы күтпеген оқиға болған.
XS
SM
MD
LG