Accessibility links

«Ұлт бірлігі» доктринасына «Азат» партиясы да қарсы шықты


Бүгін «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан жарияланып мемлекет президентінің қолдауын тапқан «Ұлт бірлігі» доктринасына наразылықтарын білдіріп, мәлімдеме жасады. Партияның теңтөрағалары Болат Әбілов пен Жармахан Тұяқбай жуырда тәуелсіздік күніне дейін «Ұлт бірлігі» доктринасы алынып тасталмаса, аштық жариялайтындығын айтқан қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановқа қолдау білдіретіндерін жеткізді.

– Біздің партия «қазақстандық ұлт» терминін енгізу бастамасының қоғамды қақ жара алатындай әлеуеті бар екендігін баса атап, күн тәртібіндегі «Ұлт бірлігі» доктринасына алаңдаушылық білдіреді және оған түпкілікті наразы. Қазақстан азаматтарының өз ұлтын зор мақтаныш сезіммен атау құқығын ешкім де тартып ала алмайды. Бұл – әрбір тұлғаның табиғи әрі дау тудырмайтын құқығы, – деді Болат Әбілов.

Сонымен бірге, «Азат» партиясы доктрина күн тәртібінен алынбаса, аштық жарияламақшы болып жүрген Мұхтар Шаханов бастаған бір топ зиялыларды қолдау ретінде өздерінің тарапынан да бір уәкілдің аштық жариялауға дайын екендігін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG