Accessibility links

Алматыда Желтоқсан құрбандарын еске алу жиыны өтті


Желтоқсанның 17-күні Алматыдағы Республика алаңында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске алуға арналған жиын өтті.

Әуелі Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қойған «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы ақын Мұхтар Шаханов, «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағалары Болат Әбілов пен Жармахан Тұяқбай жиналғандардың алдында сөз сөйледі.

Мұхтар Шаханов жұрт арасында «Ел бірлігі» доктринасын талқылау барысында әлдекімдердің арандатушылық мақсатпен ұлтаралық өшпенділікті қоздыратын жалған ақпарат таратып жүргенін ескертіп, елді қырағылық танытуға, арандап қалмауға шақырды.

Болат Әбілов Қазақстанның жерін Қытайға жалға беруге болмайтындығын, жер Қазақстан халқының игілігінде болуы қажеттігін айтты.

Осы жерде Желтоқсан оқиғасы құрбандарының аруақтарына Құран оқылып, дұға бағышталды. Жиын барысын полицияның қалың күші бақылап тұрды, алаң арқылы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Бұдан соң саясаткерлер осында жиналған жүздеген жұртпен бірге 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың құрметіне ілінген тақтайша алдына және 2006 жылы күзде ашылған «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Осыдан кейін саясаткерлер мен жұрттың бір бөлігі тарай бастады. Ескерткіш жанында 50 шақты адам қалды, бұл ауданды полиция күші әлі күзетіп тұр, деп хабарлайды сол жерден Азаттық тілшісі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG