Accessibility links

Копенгагендегі әлем жетекшілерінің келіссөздері екінші сатыға өтті


БҰҰ-ның ауа-райының өзгеруіне қатысты конференциясында әлемнің жетекші елдері Киото хаттамасының орнын басатын ғаламдық келісім жасау жолында келіссөздердің екінші сатысын өткізуде.

АҚШ президенті Барак Обаманың өкілі Роберт Гиббстың айтуынша, Құрама Штаттар, Австралия, Ұлыбритания, Франция, Герамния және Жапония елдерінің жетекшілері жабық есік жағдайында екінші рет кездесіп жатыр.

Бұл келіссөздерге сондай-ақ Ресей президенті Дмитрий Медведев пен Қытай премьер-министрі Уен Жиабао қатысты.

АҚШ президенті Барак Обама әлем жетекшілері ғаламдық жылынудың алдын алуға күш салуы керек деп айтты. Саммитте сөз алған Обама:

“Біз Копенгагенге жиналдық, өйткені климаттың өзгеруінен біздің халқымызға қауіп-қатер төніп тұр. Бұл қауіптің шынайылығына сенбесек сіздердің ешқайсыңыз бұл жерге мен сияқты келмес едіңіз. Бұл ойдан шығарылған жоқ, бұл ғылыми дәлел”.

Обама Құрама Штаттар газ эмиссиясын азайту жөніндегі өз міндеттемесін орындайтын болады дей келе, басқа елдер де газ эмиссиясын қалай азайтып жатқанын ашық көрсету керек деді.
XS
SM
MD
LG