Accessibility links

Қазақстан билігі журналист өлімін жан-жақты тергеп-тексеруі тиіс


Халықаралық журналистер ұйымының сейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде "Алматыда қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің өлтірілуіне "Шекарасыз репортерлер" ұйымы өз реніші мен ашу-ызасын" білдіретіндігі жазылған деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан агенттігі.

"Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне 10 күндей ғана уақыт қалып отырғанда қазақстандық билік журналист өлімінің себебі ашылып, айыптылардың жазалануына мейлінше күш жұмсағаны, ал Қырғызстанның оған барынша көмектескені абзал",- деп атап көрсетілген мәлімдемеде.

Онда мұның өзі аптаның ішінде журналистерге жасалған үшінші шабуыл екендігіне назар аударылған. "9 желтоқсан күні Бішкекте тегі орыс қырғыз сарапшысы Александр Князевке шабуыл жасалса, 15 желтоқсанда "Балтинфо" агенттігінің тілшісін полиция киіміндегі адамдар соққыға жыққан" деп жазылған мәлімдемеде.

Қазіргі уақытта Геннадий Павлюктің өлтірілуі мен алдыңғы екі шабуыл арасында байланыс бар-жоғын анықтау мүмкін емес, бірақ қалай болғанда да ұлтшылдардың мүддесі үшін және саяси жағдайды ушықтыру мақсатында мұндай қастандық шабуылдарын пайдалануға жол берілмеуі керек делінген "Шекарасыз репортерлер" ұйымының мәлімдемесінде.

Қырғыз журналисі Геннадий Павлюкті өткен аптада белгісіз біреулер 6-шы қабаттың терезесінен лақтырып жіберген. Сейсенбі күні ол ауруханада есін жимаған күйінде жан тапсырды. Полиция "өлтіру үшін қастандық жасалған" деген бап бойынша қылмыстық іс қозғады.




AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG