Accessibility links

"Террорист" деп сотталған Азамат Кәрімбаев түрмеде қаза тапты


Желтоқсанның 23-де Арқалық қаласындағы түрмеде терроризм айыптары бойынша сотталған Азамат Кәрімбаев қаза болды. Азаттық радиосына оның әйелі Айман Кәрімбаеваның айтуынша, оған өткен түнде бір азамат телефон соғып, күйеуінің өмірлік жаза алғандар отыратын жерде азапталғаны туралы хабарлаған. Тағы бір жігіттер оның өлгені туралы хабарды естірткен.

Азаттық радиосы Арқалық қаласының прокуратурасына хабарласқанында, "шынында да Азамат Кәрімбаев түрмеде қайтыс болды. Ол өлер алдында хат жазып, тастап кеткен" деді қалалық прокурордың көмекшісі Заман Зұлпұқаров.

Азамат Кәрімбаевтың өлімі жайлы ресми хабарланған соң, Азаттыққа қайта хабарласқан Айман Кәрімбаева 42 жастағы күйеуінің өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес деді.

2009 жылдың 23 қыркүйегінде Ақтөбе облысындағы мұнай аймағында террорлық акті жасамақ болды деген айыппен алты адам 10 жылдан 17 жылға дейін түрмеге жабылған болатын. Мұғалжар аудандық соты олардың ісін үш күннің ішінде қарап, сот процесіне БАҚ өкілдерін жібермеген. Сотталғандар жазаларын Ақтөбе және Арқалықта өтеп жатыр.
XS
SM
MD
LG