Accessibility links

Нацист ретінде жеккөрінішті болғандардың соғыстағы перзенттері әкелерін іздеп, табуда


Соғыс отынан талқаны шыққан Саарбрюккен қаласында түскен нацистік офицердің суреті. 1945 жыл.
Соғыс отынан талқаны шыққан Саарбрюккен қаласында түскен нацистік офицердің суреті. 1945 жыл.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер басып алған аумақтарда неміс сарбаздарынан бала тапқан жергілікті әйелдер аз болған жоқ. Нацизмге деген жеккөрініш заманында өскен балалардың кейбіреуі бүгінде Германиядан туыстарын тауып жатыр. Бірақ бұл оңайға түспей тұр.


60 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ

Жуырда американдық «Вашингтон Пост» газеттінің тарихи зерттеулер жайында сөз қозғады. Әңгіме нақты бір адамның, Жан-Жак Делорм деген француздың тағдырынан басталады.

Бірде, талай жыл бойы шешесі тіс жармай, жасырып келген құпияны балаға әжесі ашып береді. Әжесі балаға неміс сарбазының фотосуреті салынған сары конвертті көрсетеді. Сөйтсе, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистердің Францияға басқыншылығы уақытында әлгі неміс сарбазы шешесінің көңілдесі болған екен. «Сол сәтте мен бәрін түсіндім, - дейді Жан-Жак Делорм. - Әйтеуір, менің әкем болған екен ғой».

Тарихи есеп бойынша, гитлерлік әскердің Еуропаны билеп тұрған төрт жылдық басқыншылығы уағында неміс сарбаздарынан 800 мыңнан астам бала жарық дүниеге келген. Оның 200 мыңға жуығы бір Францияға ғана тиесілі. Шешелері оларды тура Жан-Жак Делорм сияқты шыққан тегін жасырумен, масқарашылықпен өсірді.

Олар неден жазықты болғандарын түсінбестен мектепте кемсітушілік пен келемеж көріп өсті. Немістер елден кеткеннен кейін олармен байланыста болған көптеген әйелдерді бастарын тақырлап, тыржалаңаш шешіндіріп жұрт көзінше көшемен өткізіп, масқаралады. Делормның анасы «Отанға опасыздық жасаған» деген айыппен түрмеге жабылды.

Ал, бүгінде, 60 жыл өткеннен кейін барып, сол балалардың кейбіреулері соншама уақыт бойы қинаған ұятты жеңіп, өздерінің түп-тамырларын қозғай бастады. Ол – ол ма, өздерінің неміс туыстарын іздеуге көшкендері де бар.

ФРАНЦУЗДЫҢ НЕМІС ТУЫСТАРЫ

Жан-Жак үшін өзінің немістік түбірін анықтаудың сәті түсті. Оның әкесі Ганс Гоффман соғысқа дейін наубайханашы болыпты. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда әскерге шақырылған ол басып алынған Парижде орналасқан әскери оркестрге тап болған.

Гоффман виолончельде ойнай алатын. Осы өнері оны майданнан алып қалған. Ол париждік қызды өзіне қызметші етіп ұстаған. Үшінші рейхтың қабырғасы қақырап, соғыс аяқталуға жақындаған уақытта Ганс Гоффман баварлық ауылдардың бірінде, 1945 жылғы сәуірдің 25-інде, американдық танктердің шабуылы кезінде қаза болған.

«Бұл жаңалық мені тыныштандыра қоймады, - дейді Жан-Жак Делорм. - Есесіне әкелі, әпкелі, немере бауырлы болдым. Отбасыма игілік болсын».

Жан-Жак Делормның өзі 65 жаста. Көп жыл Француз Ривьеріндегі Ментон қалашығында пошталық бөлімде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан.

ЖҮРЕККЕ ӘМІР ЖҮРМЕЙДІ

Өзімен тағдырлас адамдарға жәрдемдесу үшін Жан-Жак Делорм үш жыл бұрын «Жүрекке шекара жоқ» деген ұйым құрған. Бүгіндері ұйымның құрамында 300 адам – неміс сарбаздарының балалары бар. Соғыстың перзенттері бір-бірімен араласып, ұзақ уақыт түсіне алмай келген, қабылдай алмайтын ортада өмір бойы айтуға дәті бармаған тақырыптары төңірегінде сөйлеседі.

Ұйым қараша айында жалпы сиез өткізіп, жиналғандар өз тағдырлары туралы әңгімеледі, Еуропадағы осынау ортақ құбылыстың ауқымы мен қыр-сырын түсіндірген мамандарды тыңдады.

Эвтаназия сынағы жүргізілген Германиядағы нацизм құрбандары мемориалының директоры Георг Лилиенталь гитлершілердің басқыншылығында болған елдерде әңгіме қызып тұрғанымен соғыс перзенттері тақырыбына дайын немістер өте аз екенін хабарлайды.

Себебі, бөтен елдерде балалы болған көптеген неміс сарбаздарының өз үйінде жұбайлары мен балалары бар еді. Георг Лилиенталь көп әкелердің өмірде жоқ екенін, сондықтан кейбір ғана соғыс перзенттерін өгей бауырлары қуана қарсы алғанын айтады.

Ал, көпшілігін неміс отбасылары қабылдаған жоқ. «Әлі біраз уақыт өту керек», - деп толықтырады Георг Лилиенталь.

ЖАҢА ЖЫЛДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Жуырда француздың сыртқы істер министрі Бернар Кушнер Германиядан туыстарын тапқандарға азаматтық беруін сұрап, неміс үкіметіне қолқа салды.

Кейбір балалар немістік төлқұжат алып та үлгерді, енді біреулері азаматтық алу үшін құжат тапсыруда. Георг Лилиенталь болжап отырғандай, мұндай бастама көп ұзамай өзге де елдерде бас көтермек. Оның айтуынша, өмір бойы ол балалардың алдынан шығып келе жатқан мәселелер мен қиындықтар әлі күнге олардың жанын жаралауда.

12 жастан жаны тыныштық таппаған Жан-Жак Делорм өз әке-шешесінің құпиясын қазбалап жүріп, шешесінің соғыстан кейінгі күйеуіне Делормды бала етуге құқық беретін отбасылық құжат тауып алған.

Содан бастап Жан-Жак айналасындағылардан шындықты сұрауға кіріскен. Бірақ оған ешкім ештеңе айтпаған. Сол кезден бастап бұл жабысқақ ой жанын жеген бала өзін өсірген әжесін мазалаған. Шешесін сұрақтың астына алған. Әжесі бұлтақтап, жалтарып отырған. Шешесі ашу шақырып, жауап беруден қашқақтаған.

Нормандиядағы шағын қалашықтағы мектептегілер бұған немістің баласы екенін бетіне басты. Бала ер жете бастаған шақта шындықтың беті ашылуға жақындады. Ал, әжесі тәуекелге бел буып, баланың нағыз әкесінің фотосуреттерін көрсеткен сәтте ащы шындықтың беті біржола ашылды.

«Біз жауыздардың балалары едік, - деп Делорм соғыстан кейінгі Франциядағы нацистерге деген жаппай өшпенділік уақытын еске алады. - Өзімнің тегім туралы айтсам болды, олардың бәрі де өздерін менен аулақ ұстайтын. Сосын бұл туралы сөз қозғамауды әдетіме айналдырдым».

Делормның анасы 1994 жылы қайтыс болды, ал, Жан-Жак өзінің немістік түп-тұқиянын одан сайын белсене іздеуге көшті. 2007 жылы Делорм бауырларымен көрісу үшін немістің Майнц қаласына аттанды.

Олар өз әкелерінің нацистер кезінде басып алынған Франциядағы жүрістері туралы ештеңе білген емес. Біршама күрделі сәттерден кейін олар Делормды отбасы мүшесі ретінде қош алған.

Содан бері үшеуі де бір-біріне жаңа жылдық құттықтау мен сыйлық жолдап келеді. Және жақында ғана олар бірде Францияға, енді бірде Германияға, жылына бір рет бір-біріне қонаққа баратын болып келіскен.
XS
SM
MD
LG