Accessibility links

Ауған парламенті үкімет құрамының жартысын мақұлдамады


Бүгін Ауғанстан парламенті президент Хамид Карзай ұсынған үкімет құрамына дауыс беріп, жартысынан көбін қабылдамай тастады.

Депутаттар елдің қорғаныс министрі Абдул Рахим Вардакты қолдап, бірақ осыған дейін де Ауғанстанның энергетика министрі қызметінде болған Исмаил Хан мен әділет министрі қызметіне ұсынылған Сарвар Даништің кандидатураларынан бас тартты.

Сонымен қатар, Ауған парламенті сауда, экономика, қоғамдық денсаулық сақтау сынды 17 министрді мақұлдаудан бас тартты. Білім, қорғаныс, ішкі істер, қаржы, ауылшаруашылық және мәдениет сияқты жеті министр ғана үкіметтің жаңа құрамына өтті.

Тамыз айындағы даулы сайлауда жеңіске жеткен президент Хамид Карзай желтоқсанның аяғында үкіметті жасақтағанын жариялап, онда 24 министр болады деп айтқан.

Ресмилер елдің сыртқы істер министрі қаңтардың 28-дегі Лондон конференциясына дейін қызметіне кіріспейді деді. Ол халықаралық жиынға қазіргі сыртқы істер министрі Рангин Дадфар Спанта қатысады деп күтіліп отыр.
XS
SM
MD
LG