Accessibility links

Алматыда түрмеде отырған журналистерді қорғау акциясы өтті


Бүгін Алматының орталығындағы Арбат алаңында «Кәсіби қызметі үшін тұтқындалған журналистерге бостандық берілсін!» атты флеш-моб өтті деп хабарлайды оқиға орнынан Азаттық тілшісі.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Қауіп-қатердегі журналистер» қорының президенті Розлана Таукинаның айтуынша, бұл акция тәуелсіз журналист, «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің қамауға алынғанынан бір жыл толуына орайластырып өткізілді.

Азаттық радиосының тілшісі хабарлағандай, бас-аяғы бірнеше минутқа созылған шараға 15 шақты адам қатысқан. Олардың арасында журналист Рамазан Есіргеповтың әйелі Раушан Есіргепова, Розлана Таукина, тіркелмеген «Алға» партиясының белсенділері мен басқа да азаматтар болған. Олар қазірде Қазақстан түрмелерінде жазасын өтеп жатқан журналистер Рамазан Есіргепов, Тоқнияз Күшіков, Тоқберген Әбиев және жазушы Алпамыс Бектұрғановтардың есімі жазылған шарларды әуеге жіберген.

Рамазан Есіргеповты осыдан тура бір жыл бұрын, 2009 жылы қаңтардың 6 күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Алматының ауруханасынан мәжбүрлеп алып кетіп, Тараздағы ҰҚК-нің абақтысына қамаған болатын. Ал 8 тамызда Тараз соты құпия құжаттарды жариялаған деген айыппен Рамазан Есіргеповты үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
XS
SM
MD
LG