Accessibility links

Таиландта қазақстандық ұшқыштар тергеуден өткен


Бангкокте қамауда отырған қазақстандық төрт ұшқыш бүгін кезекті тергеуден өтті. Бұл ақпаратты Таиландтағы Қазақстанның дипломатиялық миссиясының бас хатшысы Жандос Ырысқұлов растап, ол тергеу қортындысын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жолдаймыз деді.

Бұған дейін ұшқыштардың үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты қаңтардың 6 күні кезекті сот тыңдаулары болып, сот істі тергеу уақытын тағы он екі күнге ұзартқан болатын.

Сонымен қатар, қазақстандық ұшқыштар Алматыда орналасқан жекеменшік авиакомпаниялардың бірінде жұмыс істегендері және халықаралық әуе жүк тасымалына жалдамалы ұшқыштар ретінде көптен бері жұмыс атқарып келе жатқандары белгілі болып отыр.

Таиланд соты 35 тонна қару тиеген ИЛ-76 жүк ұшағының экипаж мүшелеріне қатысты сот тыңдауларын 18-ші қаңтарда жалғастырады.

Өткен жылдың 12-ші желтоқсанында Cолтүстік Кореядан шыққан ИЛ-76 ұшағы Бангкокқа қонғанда, заңсыз қару-жарақ тасып бара жатыр деген күдікпен жүк ұшағының бес адамы ұсталған. Олардың төртеуі Қазақстан азаматтары– Ілияс Исақов, Александр Зрыбнев, Виталий Шумков және Виктор Абдуллаевты қазір Таиландтың заң орындары тергеп жатыр.
XS
SM
MD
LG