Accessibility links

Статагенттіктің бұрынғы басшысы Мешімбаеваға қарсы іс қозғалды


Қазақстанның қаржы полициясы статистика жөніндегі республикалық агенттіктің бұрынғы төрағасы Анар Мешімбаеваға қарсы қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Азаттық радиосына қаржы полициясының баспасөз қызметінің өкілі хабарлады.

Агенттік ақпаратына қарағанда, қазіргі таңда Мешімбаеваға қатысты іс бойынша тергеу жүріп жатыр, сондай-ақ осы мекеме төрағасының орынбасарлары Нұрман Баянов пен Берлі Меңдібаевтың, «Киік» компаниясының басшысы Серік Тұржановтың қылмыстық істері бойынша тергеу жұмыстары аяқталды. «Қазіргі таңда іс материалдарымен олардың адвокаттары танысып жатыр» деп хабарлады қаржы полициясының өкілі.

Мешімбаева статагенттіктің бірқатар қызметкері істі болғаннан кейін, 2009 жылы қазанда отставкаға кеткен болатын. Агенттік төңірегіндегі жанжал жалпыреспубликалық халық санағы өткізілгеннен кейін орын алып отыр.

Өткен жылы маусымда Баянов, Меңдібаев және Тұржанов соттың санкциясымен қамауға алынды. Оларға халық санағын өткізуге бөлінген қаржыны талан-таражға салған деген айып тағылды.
XS
SM
MD
LG