Accessibility links

Жәкішевтің соты тағы да кейінге қалдырылды


Астана қаласы №2 Сарыарқа аудандық соты «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша кезекті сот мәжілісін адвокаттың келмей қалуына байланысты тағы да кейінге қалдырды. Қаңтардың 12-і күнгі сот мәжілісі осы себепті өтпей қалған еді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, адвокат Нұрлан Бейсекеев денсаулық жағдайына байланысты бүгін де сот отырысына келмеді, Жәкішевтің отбасы жалдаған адвокат Данияр Қанафинді сотқа Бейсекеевтің орнына жібермеді.

Бұған дейін прокуратура сот мәжілісінің ашық өтуін сұраған болатын. Сот процесінің алдын ала тыңдаулары кезінде судья айыптаушы жақтың бұл өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Жәкішевке ұйымдасқан топ құрып, мемлекетке ірі көлемде материалдық залал келтірді және мердігер кәсіпорын басшыларынан ірі көлемде пара алды деген айыптар тағылып отыр. Топ-менеджер биылғы мамыр айында тұтқындалып, ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысына қамалды.
XS
SM
MD
LG